Шерағаңсыз өткен 40 күн…
Шерағаңсыз өткен 40 күн…
Қазақ қауымы Шерағаңсыз 40 күнін өткізді. Осы аралықта өзіндік үні, мінезі, болмысы бар асыл ағамыздың орны ойсырап тұрды. Талай архивтік телетаспа материалдары елдің назарына ұсынылды. Соның бірінде жап-жас дерлік, жігерлі, айтары нық Шерағаң енді ғана тәуелсіздік алған еліміздің бірінші басшысына қаратып сөз айтады. Халқымызға адал да абыройлы қызмет етуді шегелеп жеткізеді.
Ғажап-ақ!
Өкініштісі, билік тізгінін ұстаған кісі жолынан жаңылды. Шерағамыз ренжіді. Іштегі наласын жасыра алмады. Қатты айтқанды биліктегі кісі де ұнатпады. Сол ықыласы ол кісімен қоштасқан ақырғы күні де анық аңғарылып тұрды…
Қара жердің қойнында жатып та, жер бетіндегі елді біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын рухы асқақ адамдар болады. Алаштың арыстары солай еді. Шераға, Сіздің кейіпкеріңіз — Тұрар Рысқұлов солардың санатынан еді. Сіз де солай екенсіз!
Шераға, сіз көз жұмғалы өзіңізге арналған қаншама дүниелер жазылды. Бір осалы жоқ. Тағы да жазылып жатыр. Бәрінде Сіздің өр мінезіңіз, өршіл көңіліңіз, елге дегендегі бөлекше қасиетіңіз барынша ашылады. Сіздің ерлігіңізді айтады. Елбасының алдындағы ұстанымыңызды үлгі етеді, мақтайды. Шіркін-ай, қолында билігі бар, қасиетті қалам ұстаған азаматтардың бәрі болмаса да, арасында дараланғандар болса, кәне! Қуғын-сүргін жалғасуда. Жер үшін күрес жүріп жатыр. Қолдан жиһадшы, терроршы жасалуда. Бәрі біздің қандастарымыз. Қазақ жерін қылмыскерлер жаулап алған секілді. Түрме толы – қазақтар. Солардың 65-70 пайызы ел қорғайтын, ұрпақ өрбітетін қыз-жігіттер, оларды қамап ұстаудың өзі — күнә. Бар мін мемлекет тізгінін ұстаған билікте. Екі қолдарына бір күрек табылса, сөйтер ме еді, Шераға?..
Сіз қасиетті жер қойнында жатып та артыңызда қалған қазағыңызды ойлайсыз. Меймілдеген байлықтың үстінде тербеліп отырудың орнына, бұл қазағыңыз, қазағыңыздың ұл-қыздары тентіреп жүр, Шераға…
Қашанға дейін күйзелер екенбіз?
Сіз Жаратушы иемізге бір табан жақынсыз. Патшамыздың алдында именбей айтқан сөзіңізді, өтініш-тілегіңізді, мұңыңызды жеткізіңізші. Сіз ұлы қазақтың адал ұлы болдыңыз. Асып-тасқан қандастарыңызды білмеймін, елім, жерім, туған тілім дейтін бауырларыңыздың бәрі Сізді жақсы көреді, қалдырған рухани мұраңызды оқиды, мақтан етеді. Өзіңізсіз арада өткен күндер мен түндер мені осылай тербеп отыр, Шераға!
Пейіштің шуағына бөленіп, төрінен табылыңыз, Шераға!!!
Талғат Айтбай. Фейсбуктегі парақшасынан