Шенеуніктер сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне бас ауыртпай отыр

0

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ соңғы үш жылда Шымшаһарда 46 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдай қызметі мекемелерін жылдан-жылға өндіріс орындары мен сауда нүктелеріндегі тілсіз жаудан болатын оқыс жағдай жиі алаңдатып отыр.

Салаға жауаптылар бұл мәселені қалада мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің құрылмауымен байланыстырып отыр. 

«Шымкенттегі индустриалдық аймақтар мен ірі сауда орталықтарында мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметі керек.  Алайда бұл мәселені кәсіпкерлер де, әкімдіктегілер де күн тәртібінде көтермей отыр. Өрт сөндіру қызметін кәсіпкерлер бірлесіп құрған жағдайда оқыс оқиғалардың алдын алуға оңтайлы болар еді», дейді «Өрт сөндіруші» АҚ Шымкент филиалының директоры Акзамхан Хамудов.

Кездесуде төтеншеліктер кәсіпкерлерге мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің жүйесін тәптіштеп түсіндіріп берді. Ал,  сала мамандары өрт сөндіру қызметінен алыс орналасқан сауда орындары мен кәсіпорындарда арнайы өртке қарсы орталық іске қосылуы керек деген тұжырымды айтады. Өкініштісі, осыдан 5 жыл бұрын белгіленген бұл талапты шаһардағы кейбір кәсіпорындар мен кәсіпкерлер әлі күнге дейін ескерер емес.

 

         Айта кетерлігі, Шымкентте базар өртену «қалыпты» жағдайға айналып барады. Тіпті, соңғы үш жылда Шымкент қаласының аумағындағы өндірістік нысандар мен сауда орындарында 70-ке жуық өрт оқиғасы тіркелген. Алапат өрт кезінде 2 адам қайтыс болып, екі адам түрлі дене жарақаттарын алған. Салдарынан миллиондаған шығындар келген.

         «Үкімет Қаулысына сай өнеркәсіптік өндірістің барлық түріндегі ұйымдар мен кәсіпорындарда өрт және жарылыс қаупі бар ғимараттар сыртқы технологиялық қондырғылардың жалпы ауданы үш жарым мың шаршы метр және одан көп мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінен үш шақырымнан астам қашықтықтағы нысандарда мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі құрылу қажет. Сондай-ақ базардың сауда орындарының ауданы 3500 шаршы метрден және мемлекеттік өрт сөндіру қондырғылармен жабдықталмаса, осы жоғарыда аталған қызмет түрін құруы керек», дейді Шымкент қаласының ТЖД бөлім бастығы Бауыржан Ізбасаров.

Сала басшылары қаладағы өрт оқиғаларының кәсіпкерлік нысандарда жиілеп отырған айтып,  қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселесіне шенеуніктер бас ауыртпай отырғандығын тілге тиек етті.  Олардың пікірінше бұл жауапты іске әкімдік өкілдері де атсалысып, оқыс оқиғаларды болдырмау үшін бірлесе жұмыс жасаса деген өтініштерін жеткізді.

 

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/