Шавкат Рахмонов Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыға үй салып береді

0

Танымал файтер Шавкат Рахмонов Ақтөбе облысы Қобда ауданында су тасқынан зардап шеккен отбасыға үй салып береді деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.

Спортшы Қоба ауылына барып, зардап шеккен тұрғындармен кездескен. Ол тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, су тасқынан жапа шеккендерге қолдау ретінде бір отбасыға үй салып беретінін мәлімдеді.

«Наурыз мейрамымен баршаңызды құттықтаймын. Керемет күнде 24 үйдің қазығы қағылып жатыр. Мен де бұл бастамаға өз үлесімді қосамын деп шештім. «Апат айтып келмейді» дейді. Сынақтарға мойымай, жеңе білдіңіздер. Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін. Тек алға!», – деді Шавкат Рахмонов.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов су тасқынан зардап шеккендерге арналған 24 үйдің құрылысымен танысты. Жаңа баспаналар Қобда ауылындағы Жаңақоныс шағынауданында салынады. Жоспар бойынша үйлер 2023 жылдың маусымында қолданысқа беріледі.

«Өңір басшысымен тапсырмасымен Қобда ауылында орын алған төтенше жағдайға байланысты үй салуды бастаймыз. Бір үйдің аумағы 100 шаршы метр. Төрт бөлмелі, іші таза әрлеумен болады. Қазіргі таңда жергілікті құрылыс мекемелеріне бес үйден бөліп беріп жатыр. Жоспар бойынша үйлер екі айдың ішінде аяқталады», – деді AiserStroyService компаниясының бас директоры Айдын Есмұханов.

Сондай-ақ «Бәйтерек» және «Алтын дала» шаруа қожалықтары ауылдағы жас маман – ветеринардың баспанасын салуға көмектеседі.

Әкімдік мәліметінше су тасқыны кезінде Қобдада 78 үй мен 22 ауланы су басқан.

Еске салайық, бұған дейін Шавкат Рахмонов президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі туралы айтып берген еді.