«Шар Құрылыс» компаниясы наразы үлескерлерге жауап берді
Құрылысты жалғастыру туралы бірнеше құрғақ уәдеден кейін адамдар алаңдаушылық білдіре бастаған
АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. «Шар Құрылыс» компаниясының «Алтын шар-2» тұрғын үй кешенінің үлескерлері құрылыс басына жиналып, үйді салуды жалғастырсын, болмаса он пайыз комиссия ұстамай ақшаны қайтарсын деген талап қойды.
Үлескерлер не үшін наразы?
Керей-Жәнібек хандар – Тұран және Е-49 көшелерінің қиылысында орналасқан ірі нысанның құрылысы бірнеше айдан бері тоқтап қалған. Үлескерлердің айтуынша, компания басшылығы мен менеджерлері пайдалануға берілетін мерзімін басқаша көрсетіп, пәтер сату кезінде адамдарды алдаған. Құрылыстың тоқтап қалуы тұрғындарды екі жақтан шығынға батырды: олар ипотекалық қарыз төлеумен қатар баспана жалдап тұрып жатыр.
©
Sputnik / Жания Уранкаева
«Алтын шар — 2» тұрғын үй кешенінің құрылысы
«Біздің үйді былтыр желтоқсан айында бітіруі керек еді, бірақ құрылысты уақытында аяқтай алмады. Сол кезде компания үлескерлерге құрылыс мерзімін 2019 жылдың шілдесіне дейін созғанын ескертті. Үйге коммуникация мен электр желісі жүргізілмеген, жол салынбаған. Негізінде бұл мәселелерді құрылысты бастамай шешуі керек еді ғой», — деп наразылығын білдірді «Алтын шар — 2» тұрғын үй кешенінің үлескері Инара Мұқашева.
©
Sputnik / Жания Уранкаева
Наразы үлескерлер құрылыс басына жиналды
Үй құрылысына ақшасын құйған 80-дей адам тілшілермен кездесуге келді. Компания бірнеше мәрте құрылысты бастау туралы құрғақ уәде берген соң халық жиналып, мәселені көтеруге шешім қабылдапты.
«Компания неге құрылысқа кіріспей жатыр? Күн жылынды емес пе? Кешеннің үшінші бөлігі – ең ірісі 22 қабаттан тұрады. Оны биыл желтоқсанда бітіреміз деп отыр. Бірақ оған сену қиын, фундаменттің өзі толық құйылмаған. Үйді салып бітірмей ме деп қорқамыз», — деп жалғастырды Инара Мұқашева.
Тағы бір үлескер Әлия Ахметтің пайымдауынша, компания қаржылық қиындықтарға тап болған. Құрылыстың кешігуінен бөлек, фирма GLB үй салу комбинатының 600 жұмысшысы мен нысанда жұмыс істеген қосалқы мердігерлерге қарыз.
«Компания менеджерлері мен басшылығы құрылыстың аяқталу мерзіміне қатысты халықты алдап жүргеніне ашулымыз. Нақты жауап бермейді. Өзім былтыр мамыр айында қаржы салғанмын, жүз пайыз толығымен төледім. Үйді салып бітірмей ме деп қорқамыз. Тоғыз ай ішінде 800 пәтерден тұратын 22 қабатты үйді толығымен салып береміз деп уәде беріп отыр», — деді Астана тұрғыны тілшілерге.
©
Sputnik / Жания Уранкаева
Үлескерлердің БАҚ-пен кездесуі
Қосалқы мердігерлерге не үшін қарыз?
«Алимжан-стройкласс» қосалқы мердігерлік компаниясының басшысы Жібек Ахунова да үлескерлердің БАҚ-пен кездесуіне қатысты. Әйелдің айтуынша, соңғы жарты жылда «Шар-Құрылыс» компаниясының ақшаны уақытында төлемеуі салдарынан қаржылық қиындыққа ұшырапты. Қазір ірі құрылыс компаниясы ішкі сылақ жұмыстары үшін 13 миллион теңгедей қарыз екен.
Құрылыс неге тоқтап қалды?
Кездесуге атышулы құрылыс компаниясының өкілдері де келді. «Шар-Құрылыс» директоры Берік Аманов үлескерлерге тұрғын үй кешенінің үш ғимараты да өз уақытында салынып бітетінін айтып сендірді. Компанияда қаржылық қиындықтар туралы мәліметті Аманов растаған жоқ. Дегенмен комбинат жұмысшылары мен қосалқы мердігер ұйымдарға қарыз екенін теріске шығармады.
©
Sputnik / Жания Уранкаева
«Алтын шар — 2» тұрғын үй макеті
«Негізгі мәселе электр желісі мен жолдың жоқтығында, оны «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әкімдік қамтамасыз етуі тиіс болатын. Біз әкімдікке барып, осыны бюджетке қосуды сұрадық. Қазір бұл жұмыстарды өз есебімізден орындап жатырмыз, екі ғимаратты жазда, үшіншісін желтоқсан айында тапсыруға кепілдік етеміз», — деді компания директоры.
Аманов үлескерлермен белсенді жұмыс жүргізіп, бүкіл сұрақтарына жауап беруге уәде етті әрі құрылыстың 15 наурызда басталатынын мәлімдеді.
Әкімдік не дейді?
Sputnik Қазақстан тілшісінің Астана әкімдігіне жіберген сауалына қатысты әртүрлі қабатты (7-22 қабат) сегіз үйден тұратын 1 283 пәтерлі нысанның құрылысын 2020 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланғаны хабарланды. Компанияның құрылыс жүргізуге рұқсаты бар. Қала әкімдігі атап өткендей, үлескерлер мен салушы арасындағы құқықтық қатынас өзара бекітілген шарт бойынша реттеледі. Егер арада туындаған даудың шешімі табылмаса, тараптар сотқа немесе құқық қорғау органдарына жүгіне алады.
sputniknews.kz