Кәрі аспаз – Константин Паустовский – Әңгімелер / Мақалалар – Bilim

0
102

1786 жылдың қысқы кештерінің бірінде, Венаның шет жағындағы жапырайған ағаш үйде, бұрын графиня Тунның аспазы болған әзі шал әл үстінде жатты. Мұның өзі үй дейтін үй емес, баудың түкпір жағындағы қауқиған ескі лашық еді. Баудың іші жел айдап түсірген шірік бұтақтардан аяқ алып жүргісіз, қадам басқан сайын ағаш бұтақтары сытырласа, күрке ішіндегі байлаулы төбет ырылдай бастайтын. Ол да езінің иесі сияқты, өлім халінде еді, әбден алжыған ит тіпті үруден де қалған.

Бұдан бірнеше жыл бұрын көзін от шарпып, аспаз соқыр болып қалып еді. Графиняның іс басқарушысы содан бері оны күзетшінің қосына көшіріп әкеп тастаған, тек анда-санда талшық етсін деп, тиын-тебендеп көмек беріп тұратын.

Аспаз шалдың көңіліне медеу тұтар қарасы — он сегіздер шамасындағы Мария деген жалғыз қызы. Үйдің бар жиһазы — бір кереует, бірер сықырлауық ескі орындық пен дағарадай үстел, ернеуі шетінеген табақ пен Марияның маңдайына басқан жалғыз күйсандығы еді.

Күйсандықтың көнелігі сондай, оның ішектері айналадағы дыбыстың бәріне дыңылдап, үн қосып тұратын. Аспаз күйсандықты «өз үйінің күзетшісі» дейтін әзілдеп. Үйге кірген кісінің бәрін күйсандық қарлыққан қартаң үнімен қарсы алатын. Ажал аузында жатқан әкесін шомылдырып, кір-қоңысын жуып, салқын таза көйлек кигізгенде:

— Мен өмірімде сонымен әулие әкей атаулыға жібіген жан емес едім. Ал қазір де құдайдан иман тілейтін жайым жоқ, бірақ өлер алдында, арым таза болсын, айтып кетер бірер сөзім бар еді, — деді шал

— Енді қайттім? — деп сұрады Мария үрейленіп.

— Көшеге шық та, — деді шал, — алғаш кездескен кісіні әл үстіндегі адамның соңғы арызын тыңдауға үйге жүріңіз деп шақырғайсың. Ешкім де сөзіңді жерге тастамас.

— Біздің көше де бір, құлазып жатқан дала да бір…— деді Мария сыбырлап, сосын шәлісін жамылып, далаға шықты.

Қыз бақ ішімен жүгіріп өтіп, тот басқан қақпаны сықырлата ашып барып, демігін басты. Көше қаңырап бос жатыр, тек тентек жел ғана оның бойымен жапырақтарды қуалайды, ал тұнжыр меңіреу аспан суық жаңбырын бүркіп тұр.

Мария айналасына елегізи құлағын тосып көп тұрды. Ақырында, оған шетенді жағалап, бір адам ыңылдап келе жатқандай болды. Қыз оған қарсы жүрді, жүзбе-жүз келіп қалғанда оқыстан даусы шығып та кетті. Әлгі адам тоқтады да:

— Бұл кім? — деп сұрады.

Мария оны қолынан шап беріп ұстай алды да, даусы дірілдеп, әкесінің өтінішін айтты.

— Жарайды, — деді әлгі адам байсалды түрде. — Әулие әкей болмасам да, бәрі бір емес пе, жүріңіз.

Екеуі үйге кірді. Мария шырақ жарығымен өңі жүдеулеу келген кісіні көрді. Ол су-су шекпенін орындықтың үстіне тастай салды, өзі сыпайы да жұпыны киініпті — шырақ жарығы оның қара қамзолына, ақық түймелері мен шілтері ақ жағасына шағылысып, жалтырап тұр.

Өзі уыздай жігіт екен. Балаға тән еркелікпен басын бір сілкіп тастап, опа себілген паригін жөндеді де, кереуетке орындықты жақындатып қойып, отыра кетті, сосын еңкейе түсіп, өлмелі шалдың жүзіне жадырай көз тастады.

— Сөйле, — деді ол. — Мүмкін, мен құдай емес, өнер берген құдірет-жігермен деміңіз үзілгенше көңіліңізге медеу болармын, жаныңызды жегідей жеген ауыртпалықтан айыктырармын.

— Су қараңғы болып қалғанға дейін өмір бойы тырбанып еңбек етіп ем, — деді шал сыбырлап, сосын ол бейтаныс жігіттің қолынан тартып өзіне жақындатты. — Еңбек адамының күнә жасауға да мұрсаты келмейді екен. Әйелім құрт ауруына шалдыққан кезде — байғұсты Марта деп атаушы еді — бір емші толып жатқан қымбат дәрі-дәрмек жазып берді және науқасқа қаймақ қосып, неше түрлі жеміс-жидек жегізіп, қайнаған қызыл шарап ішкіз деп бұйырды, жоқтық не істетпейді, мен графиня Түннің сервизінен оймақтай ғана алтын тостағанды ұрлап алып, оны күл-талқан етіп үгіп, сатып жібердім. Енді соны ойласам, аза бойым қаза тұрады, қызыма айтуға да дәтім шыдамайды: оны біреудің сабақты инесін алма деп үйретіп едім.

— Сол үшін графиняның күтушілерінен зәбір көрген жан болды ма? — деп сұрады бейтаныс кісі.

— Ант етемін, мырза, ешкім де зәбір шеккен жоқ, — деді шал егіліп, — алтынның Мартама пайдасы тимейтінін білсем, тіріде жолармын ба!

— Сіздің есіміңіз кім? — деді бейтаныс кісі.

— Иоган Мейер, мырзам.

— Ал, ендеше тыңда мені, Иоган Мейер, — деді бейтаныс жан, шалдың соқыр көзін алақанымен аялап. — Сіз жұрт алдында сүттен ақ, судан тазасыз. Сіздің жасадым дегеніңіз күнә да емес, ұрлық та емес, қайта сүйген жүректің ізгі ерлігі.

— Әумин, — деді шал күбірлеп.

— Әумин, — деді бейтаныс жан. — Ал енді маған ақырғы тілегіңізді айтыңыз.

— Шіркін, дүние, Марияны қамқорлығына алатын кісі болса.

— Мен қамқоршы болайын. Тағы қандай тілегіңіз бар.

Сол кезде өлмелі шал жүзі жайнап, саңқылдай тіл қатты.

— Қайран дүние, мен Мартамды ең алғаш жолыққандағыдай, ақ борық балғын күйінде көрсем. Жадыраған күнді, осынау көне бақтың жайнаған көктемде жайқалған шағын көрсем. Бірақ оны көру қайда маған, мырзам. Алжыған қарттың сөзіне ашулана көрме. Ауруы құрғыр меңдетті білем.

— Жарайды, — деді бейтаныс кісі орнынан тұрып. — Жарайды, — деді ол тағы да күйсандық жанындағы орындыққа отырып жатып.

— Жарайды! — деді ол дауыстап үшінші рет. Кенет еденге бір уыс күміс теңгені шашып жібергендей, үйдің ішін әсем сыңғыр кернеп кетті.

— Тыңда, — деді бейтаныс кісі. — Тыңда да көре бер.

Ол ойнай жөнелді. Күйсандық тілі алғаш әсем әуезін тамылжыта төккен кезде, Мария бейтаныс кісінің жүзіне көз тастап еді. Оның жазық маңдайы бозарып, тұңғиық көзінде шырақ сәулесі дірілдеп, ойнап тұр екен.

Ұзақ жылдардан бері тұңғыш рет күйсандық құйқылжыта күй төкті. Оның үні аядай үйден шалқып асып, күллі бақ ішін кезіп кетті. Кәрі төбет күркесінен шығып, басын қисайтып, құйрығын бұлғаңдатып шоқиып отыр. Жапалақтап қар жауды, бірақ ит сілкініп-сілкініп отыра берді.

— Менің көзім ашылды, мырза, мен көремін! — деді шал басын көтеріп. — Мен Мартамен жолыққан күнді көріп тұрмын, ол сонда ұялғаннан сүт құйылған құмырасын сындырып алып еді. Бұл қыстың күні тауда болған-ды. Аспан көгілдір әйнектей мөп-мөлдір еді, Марта сыңғырлап күліп еді, — деді шал, күйді тыңдай түсіп.

Бейтаныс кісі қараңғы терезеге қарап ойнап отыр.

— Ал, енді ештеңе көрдіңіз бе? — деп сұрады ол. Шал күйге елтіген, үн қатқан жоқ.

— Қалайша көрмейсіз, — деді бейтаныс кісі жұлып алғандай, күйсандықты тартып отырып. — Әне, қара түнек аспан мөлдіреп, көгілдір тартты, шырқау биіктен шұғыла құйылып, сіздің кәрі ағашыңыз күлтеленіп, шешек атты. Меніңше, бұл алманың гүлдері ғой, ол осы жерден, бөлмеден қарағанда қызғалдаққа ұқсайды. Әне, күн шуағы тас дуалға түсіп, оны жылытты, дуал бусанып тұр. Бұл, мүмкін, еріген қар суы сіңген мүк болар. Ал, аспан көкпеңбек болып жайнай түсті, біздің ескі Вена үстінен теріскей жаққа қарай топ-топ құстар ұшып барады.

— Мен бәрін де көріп отырмын, — деді шал дауыстап.

Күйсандықтың тепкішегі баяу сықырласа да, жүздеген адам қуана әндеткендей, ғажайып бір серпінді құш-әуез шырқай көтерілді.

— Жоқ, мырза, — деді Мария бейтаныс кісіге, — осынау гүлдер қызғалдаққа тіпті де ұқсамайды. Бұл бір түнде шешек жарған алма ағаштары ғой.

— Иә, — деді бейтаныс кісі, — мұның алма екені рас, бірақ олардың күлтесі алақандай.

— Терезені ашшы, Мария, — деді шал.

Мария терезені ашты. Салқын ауа бөлмені кернеді. Бейтаныс кісі жайымен, баяу ғана ойнап отыр.

Шал жастыққа сылқ ете түсті, тынысы тарылып, тарамыс қолымен көрпені қармалап жатыр. Мария оған тұра ұмтылды. Бейтаныс кісі күй тартуын қоя қойды. Ол өз музыкасымен өзі сиқырланғандай, күйсандық қасында қимылсыз отыр.

Мария дауыстап жіберді. Бейтаныс кісі орнынан тұрып, кереует басына келді. Шал ентіге, ықылық ата тіл қатты:

— Мен бәрін де тап баяғы қалпында көрдім, анық көрдім. Бірақ мен сенің аты-жөніңді білмей…өлгім келмейді. Есімің кім!

— Менің атым Вольфганг Амадей Моцарт, — деді бейтаныс кісі.

Мария кереуеттен шегіншектеп барып, тізесін бүгіп, ұлы күйшіге иіліп тәжім етті.

Қыз түрегелген кезде, шал үзіліп кеткен екен.

Терезеден сарғайған таң атып келе жатты, үлпек қардан гүл тағынған бақ таң сәулесіне малынып тұрды.

1940 жыл


Дереккөз: bilim-all.kz