Шалқардағы жасөспірім қазасына тағы бір сараптама тағайындалды

0

Шалқарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Мирасбек Дәулетиярдың ісіне байланысты қайтадан сот сараптамасы тағайындалды. Бұған дейін Ақтөбе өңіраралық сот сараптамасы орталығының «күдікті қылмысты жасаған кезде физиологиялық аффект күйінде болған» деген тұжырымымен жәбірленуші тарап та, полиция да келіспеген. Бұл туралы 27 наурызда Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысы Махамбет Абисатовтың тұрғындармен кездесуінде айтылды.

Мирасбек Дәулетиярдың туысы Асқар Оразалин тергеу барысына көңілі толмайтынын айтты.

— Шалқар мұз айдынындағы төбелесте жалпы саны 25-30 оқушы болғанын күдіктінің өзі сот сарапшыларына берген жауабында айтады. Бірақ полиция тек күдікті мен жәбірленушіні ғана есепке алып отыр. Яғни, тергеу топтасып төбелесу дерегін жоққа шығарады. Біз онымен мүлдем келіспейміз, — деді Асқар Оразалин.

Оқи отырыңыз: Жікшілдік құрбаны ма, кездейсоқ қаза ма?

Тергеу болжамы бойынша, 2019 жылы 26 қаңтарда сағат 18.00 шамасында Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында мектеп оқушылары шекісіп қалған. Сол жерде Шалқардағы Ідіріс Үргенішбаев мектебінің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетиярдың кеудесіне пышақ сұғылған. Дәрігерлердің айтуынша, белгісіз біреулер аудандық аурухана жанына қалдырып кеткен ес-түссіз жатқан жасөспірімді кездейсоқ адамдар ауруханаға сүйеп кіргізген. Шұғыл түрде реанимациялық шаралар жүргізілгеніне қарамастан жасөспірім қайтыс боп кеткен. Бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Күдікті жасөспірім Шалқардағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы қазір Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2018 жылы Ақтөбе облысында жасөспірімдердің қатысуымен 146 қылмыс тіркелген. Оның екеуінде кісі өлімі болған.

Azattyq