Шайға деген махаббат генмен беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат — «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолу ұсынады.
Шайға деген махаббат генмен беріледі — Nature
Ғалымдар адамның ДНҚ-сына талдау жасау барысында шай немесе кофеге деген махаббат ата-бабадан ұрпағына генмен берілетінін анықтады. Бұл туралы Nature журналы жазды.
«Шай немесе кофе? Осы сұрақты естіген адам екеуінің біреуін таңдайды. Аустралияда Цзюэшэн Он бастаған генетиктер тобы жүргізген зерттеу нәтижесінде шай немесе кофені таңдау ата-бабамыздан берілетінін, оған ДНҚ-дағы дәм сезу рецепторларының тобы жауап беретінін айтады.
Басылымның хабарлауынша, ғалымдардың мақаласы Scientific Reports журналында жарияланған. «Мақалада дәм сезетін рецепторлар тобының генетикалық жұмысы туралы жазылған. Зерттеуде Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ-тан 440 мың еріктінің ДНҚ-сы ескерілген.
«Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, шай немесе кофеге деген махаббат та ген арқылы атадан балаға беріліп отырады», деп жазылған мақалада.
Әлем елдері кедейліктен құтыла ала ма? — Project Syndicate
Біріккен Ұлттар Ұйымының «Тұрақты даму жоспарымен» әлем 2030 жылға дейін кедейліктен құтыла ала ма? Жақында БҰҰ Бас Ассмблеясы кедейлікпен күресуге бағытталған жаһандық әрекеттерді жылдамдатса, белгіленген уақытқа дейін кедейліктен құтылуға болатынын айтты. Ал Project Syndicate басылымының жазуынша, халықаралық қауымдастықтар кедейлікпен күреске бағытталған әрекеттердің жаңа нұсқасын іздеп жатқан көрінеді.
«Бірнеше онжылдық бойы кедейлік деңгейін төмендету — әлемдік даму саясатының басым бағыттарының бірі саналады. БҰҰ соңғы 15 жылда жүзеге асырып келе жатқан «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» бағдарламасының нәтижесінде кедейлікте өмір сүретіндер (күніне 1,90 доллардан аз табыс табатын) қатары расымен де азайды. 2000 жылы бұл көрсеткіш 27% құраса, 2017 жылы 9% құрады», деп жазады басылым.
Бір қарағанда кедейлікпен күреске бағытталған бағдарлама жақсы нәтиже беріп жатқандай көрінеді. Деректерге сүйенсек, 2016 жылдың қаңтарынан 2018 жылдың маусым айы аралығында 83 миллион адам кедейліктен құтылған. Дегенмен, БҰҰ белгілеген уақытқа дейін бұл мақсатты орындау үшін әлі 120 миллион адам кедейліктен арылуы керек.
«World Development журналында кедейлікті азайтуға әсер ететін факторлар аталады. Мамандардың айтуынша, тұрмысы төмендер саны кедей мемлекеттерде көп. Мысалы, Малиді кедейліктен құтқару үшін, яғни, күніне 1,25 доллардан аз табыс табатындар қатарын азайту үшін 31 жыл кетеді. Эквадордағы кедейлікті азайту үшін де ең кемі он жыл керек. Әсіресе, Африка елдерінде өзгеріс байқалмайды. Бүкіләлемдік банк мәліметтеріне сенсек, әлемдегі ең кедей 28 мемлекеттің 27-сі Африка құрылығында орналасқан. Яғни, 2030 жылға дейін Африкадағы кедейлікпен күрестің қазіргі қарқыны сақталса, әлі 300 млн адам кедей болып қала береді», деп жазады басылым.
Әлем бойынша 40 жаста ана атанып жатқандар саны артқан — ВВС
Бүкіл әлем бойынша 40 жаста алғаш рет ана атанып жатқандар саны артып келеді. Бұл туралы ВВС Capital басылымы хабарлады.
«Қырық жасқа келіп ана болып жатқандарды қолдау қоғам үшін ғана емес, экономика үшін де жақсы әсер етеді. Бүгінде қырық жастан асқандар арасында ана атанып жатқандар саны артып, ал 20-30 жас аралығында балалы болып жатқан әйелдер саны кеміп жатыр», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, Ұлыбританияда 40 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы жүктілік көрсеткіші азайып жатыр. АҚШ-та да соңғы 30 жылдағы туу көрсеткіші аз болғанымен, 40 жастан асқан әйелдер арасындағы жүктілік көрсеткіші артып келеді.
«Стэнфорд университетінің білім беру және экономика профессоры Майра Штробердің айтуынша, қырықтан асқанда ана болып жатқан әйелдерге мемлекеттік қолдауды арттыру экономикаға көп пайда әкеледі. Дегенмен, бұл тәжірибе әлем бойынша еш жерде енгізілмеген екен», деп жазады автор.
Тұрғын үй технологиялары — The New York Times
The New York Times басылымының жазуынша, бүгінгі таңда тұрғын үйлерге арналған технологиялар индустриясында жылдам өзгеріс болып жатыр. Басылым жариялаған мақалада автор «Тұрғын үйлерге жаңа технологиялар қаншалықты керек?» деген сұраққа жауап іздейді.
«Тұрғын үйлерде адамның өмірін өзгертетін жаңа технологиялар саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңалықтар ішінде құрылысы көп ақшаны талап етпейтін модульді үйлер, автотұрақтың роботтанған жүйесі, биік ғимараттарда байланыс желісін қосуға мүмкіндік беретін сигнал күшейткіштер, инфрақұрылымды монша секілді ерекше технологиялр бар», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, мұндай технологиялар біліктілігі жоғары мамандарды қажет етпейді, әрі дәстүрлі құрылысқа қарағанда шығыны да аз.
«Мысалы, аэроғарыштық өндіріс технологиясы мен роботты камера технологиялары бүгінгі таңда кейбір жерлерде қолданылады. Құрылыс компаниясы бұларды құрылыс бастамас бұрын нақты өлшеулер жасап, суреттер алу үшін қолданады. Модульді құрылыс әсіресе қонақ үй саласында кең тарап келе жатыр. Сонымен қатар модульді құрылыс қолжетімді тұрғын үйлерге жол ашатындықтан, көптеген қалалар бұл әдіске қызығушылық танытып отыр», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, бүгінгі таңда роботты автотұрақтар да қолданысқа ене бастаған.
«U-Tron құрылымы төрт қабатты автотұрақ желісінде қолданылады. Бұл жүйені өте үлкен көлемді автомат ретінде қарастыруға болады. Жүйе роботты құрылғылар мен жаңа технологиялар желісін қамтыған. Алдағы екі-үш жылда мұндай автотұрақтар саны күрт артады деген болжам бар», деп жазады басылым.
Пестицидтерге тыйым салу суицид көрсеткішін төмендетеді — Vox
Пестицидтердің қауіпті түрлеріне тыйым салу суицид көрсеткішін төмендетуге әсер ете алады. Бұл туралы Vox басылымы хабарлады.
«Шри-Ланка пестицидтердің аса қауіпті түрлеріне тыйым салғаннан кейін елдегі суицид көрсеткіші екі есе азайған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сенсек, жыл сайын 110 мың адам пестицидтер қолданып қайтыс болады. Әсіресе, кедей жерлерде пестицидті суицид құралы ретінде пайдалану кең тараған. Мысалы, Қытайдағы өз-өзіне қол салғандардың 49 пайызы пестицид қолданса, Үндістанда бұл көрсеткіш 38,8 пайызды құрайды», деп жазады басылым.
«Өте қауіпті пестицидтерге тыйым салу адам өмірін құтқарып қала алады. Мысалы, Шри-Ланка 1995 жылы кейбір қауіпті пестицидтер импортына тыйым салды. 1995-2005 жылдар аралығында бұл елде суицид көрсеткіші екі есе азайды. Ал 2011 — 2015 жылдар аралығында 21 пайызға кеміді», деп жазады басылым.