Таразда «Туған жерге туыңды тік!» форумы өтті

0
98

Форумда облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, үш дүркін Қазақстан Барысы Бейбіт Ыстыбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайранбай Дөненбаев, білікті экономист, меценат Азаматхан Әміртай, Алматы қаласындағы «RUMI GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаған кәсіпкер Қуаныш Шоңбай, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов және тағы басқа да азаматтар туған жер туралы тебірене сөйледі.

Сөз алған азаматтар «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында Әулиеата өңірінде қандай жұмыстар атқарып отырғанын әңгімеледі. Жоғары деңгейде өткен шара барысында туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан белсенді тұлғаларға, бизнес өкілдеріне және түрлі ұйымдарға «Жомарт жүрек» сыйлығы табыс етілді. Сондай-ақ, елімізге еңбегі сіңген жамбылдық 8 азаматқа «Аманат» марапаты берілді.

Жиынға, жалпы, мемлекеттік мекемелер басшылары, еңбек ұжымдары, ірі кәсіпорындар мен өндіріс басшылары, этномәдени бірлестіктер, спортшылар, қала жастары және республикалық, облыстық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Ал шара соңы өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы