Серікжан Біләш «Нағыз Атажұрт» кеңсесін полиция тексергенін хабарлады

0

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш «Нағыз Атажұрт» ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тексеріп жатқанын хабарлады.

Оның сөзінше құқық қорғау органының формасын киген екі полиция өздерін Ерғазы Қызырханов, Әсет Тоқбергенов деп таныстырған. Ал жай киімдегі адам аты-жөнін атаудан бас тартқан.

–Кеңседегі орындық пен үстелдерді, компьютерді, кеңсенің ішін камераға түсірді. Бізге ешқандай сұрақ қойған жоқ, хаттама толтырды,- деді Серікжан Бияш.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен полиция қызметкері Әсет Тоқбергеновтің айтуынша, «бұл — ешқандай тінту емес, жай ғана тексеріс». Оның сөзінше, Әуезов аудандық полиция бөлімшесіне белгісіз адамнан «Атажұрт» кеңсесінде заңсыз жиындар өтіп жүр» деген арыз түскен. Полиция тіркелмеген ұйымның кеңсесіне сол арыз бойынша келген.

«Нағыз Атажұрт» ұйымы 2019 жылдың тамыз айына дейін «Атажұрт еріктілері» ұйымы ретінде Қытай қазақтарының мәселесін қоғамға жариялаумен шұғылданып келген. Ұйым жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен 2019 жылдың наурыз айында «ұлт араздығын қоздыру» бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған.

Нұр-Сұлтан қаласында бес айдан астам үйқамақта болып, тамыздың 16-сына Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында қаралған істен кейін Серікжан Біләш босап шықты. Осы кезде «Атажұрт еріктілері» ұйымы заңды тіркеуден өтіп, оның басшысы болып Ербол Дәулетбекұлы тағайындалған. Серікжан Біләш бастаған бір топ белсенділер ұйымнан бөлініп, «Нағыз Атажұрт» ұйымын құратынын жариялаған.

Azattyq