Семейлік ана қызын қағып өлтірген автобус жүргізушісінің жазаланбағанына наразы — новости Казахстана

0

Семейлік жас ана алты жасар қызын қағып өлтірген автобус жүргізушісі неге жазаға тартылмағанын түсінбей отыр. Сотта куәгерлер марқұм Дильназды соғып кеткен сол жүргізуші екенін айтса да, тыңдалымнан соң үкім оқылмаған. Жеті айдан бері кінәлілер анықталмағандықтан ауыл тұрғындары автобусқа отырудан да үрейленіп қалыпты деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Фото: Видеодан кадр

Фото: Видеодан кадр

Қызының өлімі өзегін өртеген келіншек бүгінде баласын мектепке апарудың орнына қабірге барып жүр. Жылай-жылай жасы таусылған ол далада ойнап жүрген қызын қаққан автобус жүргізушісінің жауапқа тартылмағанына да наразы.

Сорақысы, дәл сол жүргізуші әлі де дәл сол автобусты тізгіндеп жүр екен.

«Абылқасымов Фархад деген кісі әлі де рөлде. Түк те іс қозғалған жоқ. Қалай жүреді ол? Бала өлтірді ғой ол. Жай ғана нәрсе емес, бала”, – дейді марқұмның анасы Назерке Күлсейітова.

Бабровка саяжайына бар жоғы екі-ақ автобус қатынайды. Өзіне ыңғайлы жермен жүретін автобустар осыған дейін де бірнеше баланы қағып кеткен көрінеді. Ал марқұм Дильназды соққан жүргізушіні көргенде балалардың төбе шаштары тік тұрады екен.

“Балалар 48 автобусқа отырмайды. Кісі өлтірген адам әлі жүргізеді деп айтады. Осылардың көзіне көрсетпей қоятын жағдай жоқ па?” , – дейді Семей қаласының тұрғыны Дәулет Мамырбеков.

Ал автопарк өкілдері жүргізушінің кінәсіз екені дәлелденгенін алға тартты. Яғни, бүлдіршінді қағып кеткен азамат тергеуден соң босатылған. Оның көлік жүргізуіне шектеу де қоймапты.

Сондықтан, жазатайым болған жағдай деп қайта жұмысқа қабылдағандарын айтады.

Дереккөз: kaz.nur.kz