Ұлттық арна – ұлт мәдениетінің ұйытқысы

0
196

 – Ерлан Тынымбайұлы, сіз басқарып отырған арнаны ұлт мәдениетінің ұйтқысы деуге болады. Десек те, аса қуатты ақ­параттық құрылымның қазақ қоғамындағы міндет-мақсаты жайлы не айтар едіңіз?

– Расында ұлттық арна өзі­ңіз айтып отырғандай, ұлт мә­дениетінің ұйтқысы болуы­мен қатар, еліміздегі іргелі мә­дени шаңырақтың бірі. Әрі бұл мекемені қайраткер-зиялы тұл­ғалар үнін халыққа жеткізетін және қазақ өнерпаздары мен шығармашылық адамдарды көп­­шілікке танытатын, оларды шың­дайтын ұстахана іспеттес орын деуге болады. Демек, ұлт­тық арнаның әркездегі міндеті – ұлт­тың саяси дамуындағы ба­сымдықтарды айқындап, қо­ғамды топтастыратын істерді жүйе­лі түрде насихаттау. Ашалап ай­тар болсам, ұлттық арнаның негізгі бағыты – ағартушылық. Сол сияқты ұлттық өнердің насихатталуына, төл мәдениетіміздің дамуына қолдау көрсету мәселесі де әрқашан күн тәртібінен түсіп көрген жоқ.

Екіншіден, ұлттық арна ұлт­тық сананың қалыптасуында үл­кен рөл атқарды десек болады.­ Мысалы, өткен ғасырдың 80-90 жылдары халыққа руха­ни сіл­кініс берген Сағат Әшімбаев­тың «Қарыз бен парыз» атты бағ­­дар­ламалық жобасы, Шер­хан Мұртаза жүргізген «Ұлт пен сана», этнограф, жазушы Ақ­селеу Сейдімбеков пен әнші Жәні­бек Кәрменов бірлесіп жаса­ған телевизиялық хабарлар және т.б. Осы үрдістер тәуелсіздік дә­уі­рінен кейін де жалғасын тапты.

Үшіншіден, Елбасымыздың бас­тамасымен соңғы кездері дү­ниеге келген қоғамдық-саяси ма­ңызға ие реформалар десек, осы тарихи өзгерістерді қо­­ғам­ға жеткізіп, насихаттау мін­де­тін де ұлттық арна атқарып ке­леді. Қысқасы, түйіндеп айтар бол­­сақ, ұлттық арна халыққа және мемлекеттік мүддеге жұ­мыс іс­теудің жарқын үлгісін қа­лып­тастыра алды.

– «Қазақстан» республи­ка­лық телерадиокорпорация­сы өткен жылы 60 жыл­дық ме­рейтойын атап өтті. Осы ме­ре­­­ке­лік шара аясында атқа­рыл­ған жұ­мыстарға тоқталып өт­сеңіз?

– Өткен 2018 жылы қазақ телевидениесі үшін даталы жыл бол­ды. Бұл оқиғаны біз мерейтой деп емес, қазақ телевидениесінің дамуындағы жаңа кезең деп топшылап, мерекемізді той есебінде емес, ұрпақтар сабақтастығын қа­лыптастырудағы негізгі ұстаным ретінде өткізуді жөн көрдік. Ең әуелі, өткен жылдың басында аталмыш саланың ардагерлері мен қызметкерлері қатысқан үл­­кен жиын өткіздік. Осы бас­қосуда жыл бойы өткізілуге тиіс ша­ралар тізбегі мақұлданды. Атап айтқанда, бірнеше ғылыми кон­ференциялар, жоғарыда ай­тып кеткендей ұрпақтар са­бақтастығын орнықтыру мақ­сатында жас журналистер мен ардагерлердің тәжірибе ал­­масу үрдісін қалыптастыру ба­ғы­тында бірқатар шаралар атқарылды.

Сонымен қатар бұған де­йін қоғамдық сілкініс ту­дыр­­­ған ұлттық арнаның «Ал­тын қорында» сақталған бағдар­ла­маларды техникалық тұрғыдан қайта өңдеп, аптаның әр жек­сенбісінде эфирге шығардық. Бір қызығы, сол хабарларда кө­терілген мәселелер мен сараптау­лар әлі күнге дейін құнын жой­мағаны, сол кезде айтылған ой-пікірлер қазіргі көрермен үшін өзектілігін жоғалтпағаны және оны бүгінгі күн үрдісімен салыс­тыруға мүмкіндік туды. Бұл жұ­мыстар мерекелік іс-шарадан кейін де тоқтап қалмай, жыл бойы жалғасын тапты.

Жоғарыдағы үрдісті әрі қа­рай жалғастыру жайында шығар­машылық ұжымның жыл­­дық қорытынды есебі бары­сында ше­шім қабылданды. Нә­тижесінде, биыл да көрер­мен­деріміз әр ап­таның жексен­бісінде «Алтын қор­дағы» асыл қазынамыздан сү­зіп алынған сүбелі хабарларды тамашалай алатын болды. Осы арқылы біздің ұжым – ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, руханият үшін тер төккен асыл тұлғаларымыздың жарқын бейнесін жаңғыртуды көздеуде.

– Ұрпақ сабақтастығын жаң­ғырту жолындағы істе­рі­ңізге сәттілік серік болғай. Бірақ қор­дағы мұралардың сақталуы қазіргі таңда қандай күйде?

– Қордағы барлық материал­дар­дың сақталу форматы кәсі­билік деңгейде атқарылып отыр деуге болады. Сонымен қатар ескі мұраларды цифрландыру жұ­мысы тұрақты түрде, жүйелі жүріп жатыр. Бұл іс тек бейнежазбаларды ғана қамтып қоймай, Қазақ радиосы қорындағы аудио­­ жазбаларды да қамтиды. Тіп­ті кейбір аса құнды дүние­лер­ді қажеттілігіне байланысты мем­лекеттік мұра­ғат қорына тапсыруды да назарымызға алып отырмыз. Жалпы, 2018 жылдың аяғына дейін 7263 бейнетаспа жә­не 40505 аудиотаспа цифрланды.

– Жуықта «Ұлы дала сазы» ат­ты үлкен жобаны қолға ал­ғандарыңыз жайлы баспасөз мәс­лихатын өткіздіңіздер. Бұл іс­тің негізгі ерекшелігі қандай?

– Аталмыш жоба бірнеше мақ­сатты топтастырып отыр. Не­гіз­гісі – ұлттық өнерді наси­хат­­тау. Яки, халқымыздың ба­йырғы дәстүрлі өнері: жыр­шы­лық, күйшілік, әншілік, жы­рау­­лық мектептердің өңірлік ерек­шеліктерін жас ұрпаққа таныс­тыру мақсатында, Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбай, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев сынды 90-ға жуық дәстүрлі өнер өкілдерін жинап, мұраларын жазып алдық. Бұл бір жағынан ұлттық мұрамызды насихаттау болса, екінші жағынан өнерлі тұлғалардың ән-жыры «Алтын қорда» сақталады деген сөз. Болашақта жас өнерпаздар мен зерттеушілер қордағы өнер өкілдеріміздің бейнесін көріп қана қоймай, дәстүрлі музыканы тыңдау арқылы бой түзейді, өзін шыңдайды, рухани өсуіне септігін тигізеді. Осы жазбалар тізбегі жақында эфирге шыға бастайды. Яғни, қаңтар айынан бастап, шілденің аяғына дейін әр апта сайын бір сағаттық бағ­дарламаны арна көрермендері тамашалай алады.

– Жоғарыдағы жобаны «Мен Қазақпын» жобасының жал­­­ғасы іспеттес дүние деп тү­сі­н­­сек бола ма?

 – Олай емес. «Ұлы дала сазы» жобасы «Мен Қазақпын» жобасына қарағанда бөлектеу. «Мен Қазақпын» жобасының мақсаты өңірлердегі және шетелдердегі қазақтың жас өнерпаздарын насихаттаумен бірге, салыстыру, байқау, сыналту форматын­да өтті. «Мен Қазақпын» жобасы­ның алғашқысына 3000-нан ас­там үміткер өтініш білдіріп, ай­мақ­тық іріктеуге 700-дей адам қа­тысқан болатын. Бұл жоба дәс­түрлі өнерімізді дәріптеп қа­на қоймай, жас өнерпаздардың үлкен сахнаға қадам жасауына ұйытқы болып, жол ашты. Ал «Ұлы дала сазы» жобасының өз­гешелігі – дәстүрлі музыканы ұлық­таумен қатар, осы салада жүрген барлық өнерпаздардың басын қосып, бүгінде ұмыт болып бара жатқан халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын жаңаша стильмен насихаттау.

– Соңғы жылдары сіздер та­рихи-деректі бірнеше фильм түсір­діңіздер, осы үрдіс бола­шақ­та жалғасын табатын болар?

– Қазақ телевидениесі тарихында отандық көркем немесе деректі фильм түсіру үрдісі бұ­рын­нан келе жатқан дәстүр. Жыл сайын әртүрлі тақырыпта он шақ­ты фильм түсіріледі. Қазір біз көрер­мендердің жас ерек­шелігіне орай әртүрлі тақырыпты қамты­ған отбасылық мелодрама, та­ри­хи оқиғаларға байланыс­ты фильмдер түсіріп келеміз. Мұн­дағы басты шарт: жұмысқа тек қазақ авторларын тартумен қа­тар, сценарийлердің барлығы дер­­лік қазақ тілінде жазылуын­ талап етуді қолға алдық және көркемдік кеңес құрдық. Кеңес құрамына телевидение саласын­да тәжірибесі мол мамандар тар­тылды. Көркемдік кеңес ше­шімімен жыл сайын халықтың ру­хын көтеретін, мінез-құлық си­патын әйгілейтін тарихи драма түсіру қолға алынды. Аталмыш тақырыпта түсірген алғашқы туындымыз алаш қайраткерлеріне арналған 12 бөлімдік «Тар заман» атты туындыны көрермен жақсы қабылдады. Одан кейін осы оқиғамен желілес, нақтырақ айтқанда ХХ ғасыр басындағы аласапыранның екінші беті «Кейкі мергенді» түсірдік. 16 бө­­лімді бұл туынды халықтың қы­зығушылығын оятып, қат­пары қалың тарихи оқиғаны ауди­торияға жеткізуге үлкен сеп болды. Мысалы, YouTube каналына жүктелген «Кейкі мерген» фильмін дәл қазіргі уақытта жарты миллионға жуық адам көріп үлгеріпті.

Осы орайда айта кететін та­­­ғы бір оқиға, өткен жылы біз­­­ шетелдегі қазақтар шо­ғыр­ланған мекендерге­ ар­найы түсірілім тобын жі­бе­ріп, 12 бө­лімнен тұратын «Көш­пенділер» атты деректі фильм­дер циклын жасап шықтық. Бұл туындыда шетте тұрып жат­қан қазақтардың тарихы мен тағ­дыры, бүгінгі өмір-салты, уайым-­арманы сияқты дүниелер қам­тылды. Фильм өткен қазан айында эфирге шығып, алғашқы кейіпкер байөлкелік бүркітші қыз Айшолпанның көрерменмен жүздескенін біле­сіздер. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар «Орбұлақ» шай­қасы жайлы фильм түсіруді жос­парлап отырмыз.

– Сіздер эфирге шығатын телеөнімді өз күштеріңізбен дайын­дайсыздар ма, әлде…

– Көп бағдарламаларды өз кү­шімізбен дайындаймыз. Мы­са­лы, «Парасат майданы», «Да­ра жол», «Таңшолпан», «Мін­­­бер» т.б. Сондай-ақ біз отан­­­­дық медианарықты қол­дау мақ­сатында, жекемен­шік шығар­машылық компаниялар­дың қа­тысуымен де телеөнім дайын­дай­мыз. Оларға қаржы-шығын және уақыт мәселесінде қатаң та­лап қоямыз. Осы мақсатта жұ­мыс іс­тейтін арнайы бөлім де құрыл­ды.

Біздің қазіргі және алдағы уақыттағы мақсатымыз – теле­өнім­дерді отандық аудито­рияға дайындаумен қатар, еліміз жайлы танымдық-тарихи деректі ақпарларды, яғни өз өнімдерімізді шетелдік нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Өйткені біз бұған дейін тек тұтынушылық қабілетке ие болып келдік. Осы­­дан құтылу үшін шетелдік өнім­дерді азайтуды жөн көрдік. Қа­зіргі таңда эфирден көрсетіліп жатқан шыға­рылымдардың 80 пайызы өзіміздің өнім, ал өткен жылы біз жеті фильм­ді шетелге саттық.

Телевидениемен қатар арна­ның әлеуметтік желілердегі на­си­хатын жетілдіру жұмысы да қолға алынуда. Сайтымыз бар, одан басқа өткен жылы шық­қан «Qazaqstan tv» мобильді қо­сым­шамызды аз ғана уақыт аралығында 492 036-дан астам қол­данушы жүктеп үлгерді. Осы қосымша арқылы сайтқа са­лынған қызықты контентті тегін жүк­теп алуға толық мүмкіндік жасал­ған. Сондай-ақ YouTube-тағы «Qazaqstan tv» арнасының көрсетілім саны 132 млн-ға жетті. Кор­порациямыздың құрамына кіретін медиаактивтердің ресми аккаунттарында да оң өзгерістер байқалады. Фейсбук, инстаграмм және т.б әлеуметтік желілердегі аккаунттарға жазылғандардың саны бір жыл ішінде 9% өскен. Сонымен қатар министрліктің тапсырмасымен «Balapan» арнасын көршілес республика­ларда, нақтырақ айтқанда, шека­ралық аймақтарда өмір сүріп жат­қан қандастарымызға тарату жұмыстары тиянақталды.

– Өткен жылдың соңында Елбасының «Ұлы даланың же­ті қыры» атты мақаласы жария­­ланып, тарихи сананы қалып­тас­тырудың жолдары ай­­қын­далды. Осы мақсатта қан­дай ша­ралар жоспарлануда?

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бастамалары шығармашылық ұжымдарға тыңнан шабыт бергені шындық. Тіпті кейбір ойда жүрген идеяларымыз осы рухани бағдардан көрініс тауып жатқаны бізді ерекше қуантып отыр. Осы орай­да, біздің ұжым тағы бір шығар­машылық жұмысты бастап кетті. Атап айсам, бір жарым жыл бұрын канадалық танымал компаниямен келісімшарт жасасып, әйгілі канадалық режиссер, антрополог Найоби Томпсонның кірісуімен әрқайсысы 50 минут­тық «EQUUS» («Жылқы тарихы») атты деректі трилогиясын қолға алған болатынбыз. Қа­зақ­стан жылқыны алғаш қол­ға үйреткен және атбегілік өнер­дің негізін қалыптасырған ел екені белгілі. Соңғы жылдары­ табылған археологиялық жә­дігер­лер, жылқыны қолға үйрет­кен алғашқы адамдар қазақ же­рін­де өмір сүргенін айқындай түсті. «EQUUS» деректі трилогиясы жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлін ашып, Ор­талық Азияда жылқының шы­ғу тегі жайлы баяндайды.­ Бұл фильм болжам бойынша әлем­нің 50-ден астам елінде миллиондаған ауди­тория жинайды деп күтілуде. Туынды ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде дайындалды.

– Сіздер қазақ тіліндегі бір­ден бір арнасыздар. Сол се­­бепті тіл тазалығы жайлы­ айт­пас­қа болмас, соның ішін­­де «Qazsport» арнасында спорт­­тық шараларды жүргізіп отыр­ған журналистердің, әсі­ресе ұлттық спорт түрлерін тәп­­­сір­леуші азаматтардың тіл жұ­­таң­­дығы мен ұлттық-спорт­тық атау­­­­­ларды білмейтіндігі қын­­­жыл­тады. Екіншіден, әлеу­мет­тік желілерде ұлттық арна эфи­рінде сатиралық жеңіл-желпі дү­­ниелер көп бері­луде деген сын-пікірлерді де көзіміз ша­лып­ қалады. Осыған не айтасыз?

– Коментаторлармен жұмыс­ты қолға алып жатырмыз. Бірнеше рет кастинг те жарияладық. Бұл жерде мына бір жайтты ерекше айтсам деймін, себебі, журналист-коментаторларды дайындайтын біз емес, жоғары оқу орында­ры. Дейтұрғанмен ұлттық арна сіз айтып отырған мәселені назар­дан тыс қалдырмайды. Теле­жүргізуші немесе спорттық ойындарды жүргізетін коментаторларды сынақтан өткізіп, қабылдайтын болдық. Таңдау барысында ең бірінші талаптардың бірі – комментаторлардың тіл байлығы мен спорттық білімі.

«Qazsport» арнасында өткен жылы «Qazaqstan FIGHTER» көп бөлімді телевизиялық реалити-шоу эфирге шыққан болатын. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы» атағы үшін сынға түсті. Сондай-ақ спорттық арна бүкіләлемдік UFC спорт ұйымының жекпе-жектерін Қа­зақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие бол­ғанын білесіздер. UFC жекпе-жектері көрермендер арасында үлкен қызығушылық оятып, көрсетілім бойынша ең жоғарғы рейтингке жетті.

Ал келесі сұраққа келетін бол­сақ, ұлттық арнада бұрындары көр­сетіліп жүрген әзіл-сықақ жобалары едәуір азайды. Біздің арна мейлінше барлық жанрды қамтуы керек, себебі көрермендеріміздің талғамын да ескеруіміз қажет. Әрине ұлттық арна көшбасшы ар­на болғандықтан, біз әрқашан да ел аузында, халық назарында бола береміз. Сондықтан сын-пікірлердің болуы да заң­ды­лық, онсыз өзгеріс болмайды. Қа­зіргі кезде эфирге тек кә­сі­би, ма­­ман журналистерді шы­ғару жолға қойылды. Осы ретте бағ­дар­­­ла­малардың жанрлық үле­сі жайын­да да айта кеткенім жөн болар, бағдарламалардың 19%-ға жуығы гуманитарлық бағытта, 10,1% – қоғамдық-саяси, 8,1% – жа­ңа­лықтар болса, 8,7% ғана өзі­ңіз айтып отырған ойын-са­уық жанрындағы жобаларды құ­рай­ды.

Ұлттық арна қашанда көрер­­­мендеріне сапалы да, қызық­ты жобаларды ұсынуды көз­дей­ді. Сондықтан біз үнемі із­деніс үстіндеміз, болашақта да көрермендерімізді сапалы дү­ниелермен, қызықты туындылармен қуантамыз деген ойдамыз.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/