Семейдегі өрт бір адамның өмірін қиып кетті
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жеке тұрғын үйде өрт шығып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 сәуірде сағат 20.00 шамасында Деповская көшесіндегі жер үйде өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.
«Қызыл жалын үй шатырының ағаш құрылымдарын, терезе мен есікті шарпыған. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру барысында құтқарушылар бөлме ішінен үй иесінің денесін тапты», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сонымен қатар жанып жатқан үйден сыйымдылығы 27 литрлік 1 газ баллоны сыртқа шығарылған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болуы мүмкін.