Жанна Пралиева: Ораза ұстаған елордалықтар вакцина ала алады

0
62

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пралиева 30 күндік ораза сау адамның коронавирусқа қарсы вакцина алуына кедергі емес екенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын хабарлағандай коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация оразаны бұзбайды. Өйткені дәрілік зат ас қорыту жүйесіне ауыз немесе мұрын арқылы енсе ғана ораза бұзылады. Иньекциялар мен коронавирустық вакцинаны енгізу жағдайында мұндай ештеңе болмайды. Осыған байланысты қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған елорданың әрбір тұрғынында коронавирусқа қарсы вакцина алуға және өзін аурудан қорғауға мүмкіндік бар. Қазір барлық емханаларда бірнеше егу кабинеттері жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Сондай-ақ, елорданың барша тұрғындары қаладағы және жалпы елдегі коронаиврустық инфекция бойынша бүгінгі жағдайдың ауырлығын сезіну керек», – деді маман онлайн брифинг барысында.

Жанна Пралиева ораза ұстап жүрген адамды инфекциядан қорғаудың бірден-бір жол карантин талаптарын сақтау екенін еске салды.

«Қазір тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, бүкіл дүниежүзінде инфекция қайтадан өршіп тұр. Әрбір тұрғын ораза ұстайтын туыстарына қамқорлық жасап, қоронавирустық инфекциядан қорғауы керек. Ол үшін маска тағу, ара қашықтықты сақтау, көпшілік шараларды ұйымдастырмау және оған қатыспау сияқты сақтық шаралын ұстану керек. Жақындарыңыз бен туыстарыңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда», – деп түйіндеді елордалық маман.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жаннна Пралиева елордада коронавирус жұқтырғандар бір аптада 12 пайызға өскенін айтты.

Сондай-ақ, ол дәрігер оразаны тоқтату тура кеңес берсе, құлақ асу керектігін айтып отыр.

Маманның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта болғандықтан, Ораза кезінде намазды көпшілікпен оқуға тыйым салынады.