Home Басты тақырып Семейде ұлы ақын Абай атындағы мешіт ашылды

Семейде ұлы ақын Абай атындағы мешіт ашылды

0
607

Семей қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт ашылды. Мешітті Дулат Тастакеевтың Assayltas қоғамдық қоры салдырған. Мешіттің ашылу салтанатында қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты.

Салтанатты шараның ашылуына КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, кәсіпкер Дулат Тастакеев және Семей қаласының әкімі қатысты.

Алла үйінің құрылысы 2008 жылы басталып, кейін аяқсыз қалған. 2018 жылы Assayltas қоғамдық қоры құрылысты жалғастырды. Мешіт төрт мұнаралы. Сыйымдылығы – 2 500 адам. Алтын жалатылған мұнаралардың биіктігі 37 метрді құрайды. Мешіт ғимаратына іргелес 47 мың шаршы метр абаттандырылып, екі жерүсті көпір салынып жатыр. Сондай-ақ 500 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылып, 200 шам орнатылған.

«Бүгін – тарихи күн. Абай елі мұны көп күтті. Осы мешіттің ашылуын біз де ұзақ күттік. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында барша Семей халқының игілігіне беріліп отыр» деді Бас мүфти.

Бүгінгі таңда Семейде 15 мешіт бар. Наурыз мерекесіне орай Алаш астанасында қатарынан үш мешіт ашылды. Ең үлкені осы Абай Құнанбайұлы мешіті. KzNews тілшісі осы мешіттің ашылуына арнайы Алматыдан келіп қатысты. Екіншісі Абай ауданындағы Құнанбай қажы мешіті. Үшіншісі Абай ауданы Құндызды елдімекеніндегі Байтөлек қажы атындағы мешіт. Бұл балуан Айбек Нұғымаровтың ауылы.

Дулат Тұрсынұлы мешіттің ашылу салтанатында: «Иә, бұл бәріміз көптен күткен күн. Нағыз ұлыстың ұлы күні, қасиетті Әз Наурыз, Жаратқанның нұры төгілген күн. Әрине, әуелі Алланың шексіз құдіретіменен, жамағаттың ықыласыменен, халықтың қалауыменен 15 жылға жуық тұралап тұрған, басы басталғанмен де, көзге сүйел, тілге тиек болған, халықтың да ұнжырғасын түсірген, “қаламыз қараусыз қалды” деген түсінік тудырған ғимараттың толықтай аяқталып, қолдануға берілуі баршамызға ортақ қуаныш. Мейрам құтты болсын, қуанышымыз баянды болсын!» деді.