Семей республикалық маңызы бар қалаға айналуы мүмкін – Перуашев ұсыныс жасады

0
15

Мәжілісменнің пікірінше, Алашорда автономиясының астанасы болған Семей қаласы Абайдың мерейтойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеуі керек

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. «Ақжол» партиясының мәжілістегі фракциясы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Семейге республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ақжол» фракциясы депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминге жолдады. Азат Перуашев былтыр Елбасы жарлығымен түркі елдерінің алтын бесігі – ежелгі Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, Шымкентке республикалық дәреже берілгенін еске салды.

«Осы орайда, қазақ рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан Абай рухының ордасы – Семей қаласына да тиісті мәртебе беру орынды деп санаймыз», – деді депутат.

«Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңның 3-бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалаларға халқының саны бір миллионнан асатын елді мекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады.

«Біздің ойымызша, Семей – дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан оған республикалық мәртебе беру жөнінде президентке ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді Перуашев.

Мәжілісменнің пікірінше, Алашорда автономиясының астанасы болған Семей қаласы Абайдың мерейтойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеуі керек.

Тағы оқыңыз: Семейде әуежай мен мектепке Абай есімі беріледі

Азат Перуашев мемлекет басшысының Абайдың 175 жылдығын лайықты деңгейде өткізу туралы тапсырмасынан кейін Семейде бірқатар шара қолға алынғанын атап өтті.

«Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, гүлденуіне күш жұмсалуда. Әрине, халық та Семейдің өркендеуіне қуанып жатыр. Өйткені Семей қаласының географиялық орны, экологиялық деңгейі және саяси мұрасы оған әбден лайық», – деді депутат.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз