Сарыағашта журналистті өлтірмек болған шенеунік пен жалдамалы топ сотталды

0

Шенеунікке журналистің өзі туралы бірнеше рет сын мақала жазғаны ұнамаған.

Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік пен оның сыбайластары сотталды.
Нақты айтқанда, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов енді 11 жылын темір тордың арғы жағында өткізеді. Ал қылмысты ұйымдастыруға көмектескен 3 адам 10 және 13 жыл жаза арқаласа, оқ атқан жалдамалы жендет 12,5 жылға сотталып отыр.

Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауда олардың бұрын сотталмағаны, жәбірленушінің 3 сотталушыға қатысты кешірім бергені, сондай-ақ 3 сотталушының асырауында жас баласының болуы ескерілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деді Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қасым Қалмағамбетов.

Еске сала кетсек, биыл қаңтарда журналист Амангелді Батырбековтің үйіне киллер келіп, оны мылтықпен атқан болатын. Бірақ жалдамалы жендет журналисті ұлымен шатастырып алып, денесіне бірнеше оқ тиген 31 жастағы жігіт ауыр жарақаттан емделіп шыққан еді.
Журналисті өлтірмек болғандар көп ұзамай қолға түсті. Олар өздеріне Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов тапсырыс бергенін айтқан.
Кейін анықталғандай, шенеунікке журналистің өзі туралы бірнеше рет сын мақала жазғаны ұнамаған. Сондықтан ол өзінің көмекшісіне 5 миллион теңге беріп, тілшінің көзін жоюды тапсырыпты.