Сарыағашта бағдаршам балқып жатыр деген ақпарат расталмады
Қысқа сілтеме алу
Осыдан екі күн бұрын бағдаршамға жүк көлігі соғылып, сындырғаны белгілі болды
НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Қайрат Дуйсенбаев қалада аптап ыстықтан бағдаршамдар балқып жатыр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол Сарығашта ауа температурасы +35, +40 градус ыстық екенін атап өтті. Қайрат Дуйсенбаев бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратпен таныс екен.
«Сарыағашта бағдаршамдар күн ыстығына балқып жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Сарыағаш қаласында республикалық маңызы бар А-15 тасжолында бағдаршам бар. Осыдан екі күн бұрын жүк көлігі сол бағдаршамға соғылып, сындырған. Бүгін Шымкент қаласынан бағдаршам алғызып, жаңасын орнатып жатырмыз. Сондықтан «Сарыағашта күннің ыстығынан бағдаршам балқып кетті» деген ақпарат өтірік», — дейді Қайрат Дуйсенбаев.
Айта кетейік, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында Сарыағаш қаласындағы ауа температурасы +55 градусқа дейін көтерілгені жазылды. Салдарынан қаладағы бағдаршамдар балқып кетті деген ақпарат тарады.
sputniknews.kz