Өкілдер палатасы АҚШ-тағы ең төменгі айлықты екі есе көтермекші

0

АҚШ конгрессінің өкілдер палатасы елдегі сағатына төленетін ең төменгі айлықты екі есеге көтеру туралы заң жобасын мақұлдады. Бейсенбі, 18 шілдедегі отырысында қаралған бұл құжатта елдегі бір сағаттық минималды ақы 15 доллар болсын деп көрсетілген.

Заң жобасында еңбекақының көбеюі бірте-бірте 2025 жылға дейін жүзеге асырылатыны жазылған. Қазіргі күні федералды деңгейде жұмысшылар бір сағатына 7 доллар 25 цент алады. Кей штаттар өздерінің минимум мөлшерін енгізген, оларда бір сағатына сәл көп ақша төлейді.

Ал Калифорния мен Нью-Йорк кіретін сегіз штатта бір сағаттық еңбекақы 15 доллар екені көрсетілген заң қабылданып та қойылған.

АҚШ-та 1938 жылы федералды деңгейдегі ең төменгі еңбекақы 25 цент болып бекітілген. Инфляцияны ескергенде бұл мөлшер қазіргі 4 доллар 45 центке тең. Кейін еңбекақы біртіндеп көтеріле бастады. Статистикаға сәйкес, еңбек ақысын сағатпен саналатын америкалықтардың үш пайыздан азы минималды мөлшермен айлық алады.

Azattyq