Сапасыз ЖОО-лар лицензиясынан айырылады

0

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлі күнге дейін онлайн форматта білім беріп жатқан оқу ордаларына бөлінетін қаражаттың қысқаратынын айтты, — деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

«Педагогикалық білім беру бағыты бойынша лицензиясы бар университеттердің бәрі тиісті жұмысты жүргізуі керек. Қазір 86 университеттің 50-ін ғана қалдырдық. Егер білім беру сапасы бойынша тиісті деңгейді көрсетпесеңіздер, лицензияны қайтарып аламыз. Бірақ, біз үшін бұл – басты мақсат емес. Бізге керегі – сапа», – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бұл ретте кей жоғары оқу орындарының әлі күнге дейін қашықтан білім беріп жатқанын сынға алды.

«Қазіргі уақытта республика бойынша тәулігіне санаулы адам ғана коронавирус жұқтыруда. Алайда кейбір университеттер әліге дейін «онлайннан» шыға алмай жатыр. Қазір сіздермен (қашықтан оқытып жатқан ЖОО – ред. түсіндірмесі) келісімшартқа қол қою рәсімін қайта бастадық. Егер сіздер онлайн форматта білім беретін болсаңыздар, онда біз 2-3 есе аз қаражат төлейміз. Сондықтан бұл істі тоқтату керек», – деді министр.