Сапарбаев жүгенсіз кеткен автобус жүргізушілерін орнына қоймақшы — новости Казахстана
Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілерінің бей-берекетсіздігі жайлы Бердібек Сапарбаевқа көп шағым түссе керек, облыс басшысы енді жүгенсіз кеткен жүргізушілерді орнына қоймақшы деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Рас, автобус жүргізушілері көп кешігеді, өздерін жолаушылар алдында дұрыс ұстамайды. Тұрғындардың дені автобус жүргізушілерінің тәртіпсіз екенін айтып, шағымданады. Қоғамдық көліктер көп жағдайда кешігіп жетеді», — деді Ақтөбе облысы басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында.
Бердібек Сапарбаев қаладағы екі тасымалдау кәсіпорны қызметкерлерін орындарына қоятынын жеткізді.
«Автобустардың қашан, қайда жүргенін, қай аялдамаға қашан келетінін бақылауға алмақпыз. Тасымалдау кәсіпорындары басшыларына тапсырма берілді. Талапты орындамаған жүргізушілер жазаланады», — деді Сапарбаев.
Облыс басшысы таяуда жоғарылаған жолақы бағамына қатысты да пікірін айтты. Жолда жүру ақысы ел бойынша Ақтөбеде ең төмен болған. Таяуда 55 теңгеден 80 теңгеге көтерілді. Дегенмен, автобус тапшылығы байқалады.
«Екі жыл бұрын қаладағы жолушылар тасымалының жағдайы мүлдем басқа болды. 100 автобус сатып алынды. Таяуда ПАТП кәсіпорны тағы 30 қоғамдық көлікпен толықты. Тасымалдау кәсіпорындары жаңа көлікпен толығу керек деп талап қойып отырмыз», — деді Бердібек Сапарбаев.
Әкімнің айтуынша, электронды билет жүйесі енгізіле бастайды. Қаладағы автобус қозғалысы орталық диспетчерлік басқарма арқылы қадағаланады.