Сапарбаев Қырғызстанға қашқандарға үндеу жасады

0

Вице-премьер Сапарбаев жаппай тәртіпсіздіктер болған Қордай ауданындағы ауылдардың тұрғындарымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қырғыз еліне қашып кеткендерді Отанына оралуға шақырды. Бұл туралы ол Сортөбе ауылының тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Ең бастысы, түн тыныш өтті. Құдай қаласа, әрі қарай да солай болады. Облыс әкімімен бірге әйелдер мен балалардың оралып жатқанын көрдік. Сіздердің Отаныңыз – Қазақстан, елге оралу керек. Біз 150 жыл бойы бейбітшілік пен достықта өмір сүріп келеміз. Тұрмысымыз жақсы, нысандар салынып жатыр, бәрінің баспанасы бар», — деді Бердібек Сапарбаев.

Ол қазір 27 адам ауруханада жатқанын, бесеуі Алматыда екенін атап өтті. Екеуі – ауыр хәлде. Он адам бүгін үйіне жіберілді, деп нақтылады вице-премьер.

«Үйі өртеніп кеткен тұрғындарға материалдық өтемақы төленеді. Облыс әкімі үй-жай дайындап жатыр, олар азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Малы мен көлігінен айырылғандар да өтемақы алады», — деді Сапарбаев.

Вице-премьермен кездесуде жергілікті тұрғындар әлі күнге туысқандарын таба алмай жатқанын айтты.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне «Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған.

Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.
Кеше ұсталған адамдардың көбісін босатты. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер

Алғашқыда 8 адамның көз жұмғаны хабарланды. Алайда жексенбі күні таңертең Сортөбе ауылындағы штабта 11 адамның қаза болғаны айтылды.

«Жалпы алғанда 11 адам қаза болды, екеуі бүгін түнде ауруханада жан тапсырды, біреуінің кім екені белгісіз», — деді ондағылар.

Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі расталған деректер бойынша жаппай тәртіпсіздіктерден 10 адам көз жұмғанын мәлімдеді. 165 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 25-і Қырғызстанда.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди өрттен 25 жер үй, 31 коммерциялық нысан жне 41 автокөлік зақымданғанын хабарлады.

Тоқаевтың тапсырмасы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.

Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

Тағы оқыңыз: Министрлік Қордайдағы жаппай төбелес қалай басталғанын айтып берді

«Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», — деп түйіндеді Тоқаев.

Тоқаев кінәлі адамдарды атады

9 ақпанда мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында тағы бір жазбаны жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты.

«Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы арқасында арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!», -деп жазды президент.



sputniknews.kz