Қордайдағы тәртіпсіздіктің астарында не жатыр?

0
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

Этникалық топтар арасындағы қақтығыстар, көбінесе жемқорлық жайлаған аймақтарда орын алады. Жемқорлықтан әбден мезі болған екі халықтың да бейшара, азап шегіп жаншылғандары бірігіп әрекет етудің орнына бірін-бірі езіп жаншиды, үйлерін өртейді, көшіріп жібереді жтб.

Оларды этникалық айырмашылықтарына қарағанда бір-біріне жақындататын көп жағдай бар. Солардың бірі елдегі жемқорлық пен аяусыз капиталист жүйесінің құрбаны болулары.

«Таз ашуын тырнадан алады» демекші елдің саяси билігінің қабілетсіз политикаларының салдарынан туындап отырған материалдық және экономикалық мүшкіл жағдайларына шараны бірін-бірі өлтіру арқылы табуға болатынын ойлайды. Нәтижеде сотталып, майып болып, өліп тынады.

Журналистер естерің кетіп этникалық араздықты тереңдете түскенше барған жерлеріңнің тұрғындарының бұл сорақылықты жасауға себеп болған негізгі экономикалық жағдайларының бет пердесін ашып, зерттеп көріңдер.

Қордайдың жемқорлыққа белшесінен батқанын бәрің де білесіңдер. Жәй ғана Бішкекке өтіп көріңдерші анау түрменің коридорын еска салатын, қабақтары түйілген шекара қызметкерлері бар Қазақстанның кеденінен. Мен 1 жыл бойы өттім Манас университетінде сабақ беріп жүрген кезімде. Қырғызстанның кеденінен 5 минутта, Қазақстанның кеденінен 1 сағатта өтетінбіз. Ғылым саласында болғаным үшін сөмкемде қашанда кітап жүреді. Кітаптарымнан проблема шығарып, менен пара алуға ұмтылып тұратын Қазақ кеденшілер еді. Енді солардың салдарынан Қазақтар жаман деуге хақым бар ма? ЖОҚ!

Алайда еліміздегі жүйеге шіріген деп айтуға хақым бар. Жәй қарапайым шаруа халықты қоя бер, оларға қарағанда әлдеқайда таза жұмыс істейтін ғылым саласының адамын да мезі қылған жүйе.

Одан шығып Алматыға таксиге отырған кезіңізде көресіз Қордайдың полициясының қаншалықты жемқорлыққа батқанын. Бұларды көріп жалпы Қордай халқының негізгі проблемасын байқамасаңыз, онда көзіңіз соқыр, рухыңыз жоқ деген сөз.

Жауымыз дүнгендер, шешендер, түріктер, армяндар я болмаса қытайлар емес. Жауымыз — жемқор, капиталист, тоталитар һәм авторитар жүйе. Ішіңіздегі ашу-ызаның салдарынан провакаторлыққа салынғанша, бұл жүйені трансформациялауға атсалысыңыз. «Әкімдер сайлансын» деңіз мысалы. Полицияларға білім беретін мекемелердің пәндік компоненттерінде адам құқықтары, социология және өнер болсын деңіз мысалы. Экономикалық теңдікті талап етіңіз. Елдің әлеуметтік мемлекет болуын талап етіңіз. Бірақ ешқашан «өлтір» демеңіз.

Ал Қазақтарға жеке статус қалау — абсурд. Егер сол жеке статус арқылы жағдай шешіледі деп ойласаңыз қателесесіз. Онымен ешқандай жағдай шешілмейді. Өйткені бұл статус қалаушылық тек қана жалғасын табады. Қазақтар бірін-бірі шеттетуін одан әрі кеңейтіп, ыдырауға дейін апарады. Өйткені саф қазақтарды қайдан табамыз? Хандарымыздың моңғол тектес этникалық топтың ұрпақтарынан болғанын қалайша тез ұмыттыңыз? Кімді таза қазақ дейміз? Бұл тұрғыдан қарар болсақ қазақ дегеніміз һәм консенсус (бір келісімге келу), һәм инклюзив (қамтушы) бір ұғым емес пе? Олай болса бұл ұғыммен өмір сүріп, бұл отанымызды бірге қалыптастырып, дамытуымыз керек. Басқа жолы жоқ.

​Молдияр Ергебеков

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз