Сапарбаев қараусыз трансформаторларды қоршауды бұйырды

0

Әкім алақан жайып ақша сұраған маманға міндетін орындауды тапсырды.

Ақтөбеде адам өміріне қауіпті 200-ден аса қоршалмаған трансформатор бар. Облыс әкімі «Энергосистема» ЖШС-нің бас инженеріне ескерту жасады. Бердібек Сапарбаев қараусыз жатқан трансформаторларды тез арада есепке алып, айналасын қоршауды бұйырды деп жазады aktobenews.kz.

«Қанша трансформатор бар? Соның қаншасы қоршалған?» деген Сапарбаев қала әкімінің есебінде «Энергосистема» ЖШС-нің бас инженері Марат Аманғалиевті орнынан тұрғызды.

«Қала бойынша 342 трансформатор бар. Оның 20 пайызы қоршалған. Иесі анықталмағандар көп. Олардың барлығын талапқа сай етіп қоршау үшін қомақты қаржы керек», — деді бас инженер Марат Аманғалиев.

Әкім алақан жайып ақша сұраған маманға міндетін орындауды тапсырды.

«Қаражат табасыздар. Сіздердің тарифтеріңіз жеткілікті. Бұлай болмайды. Мынау масқара ғой! Иесіз тұрған трансформаторлардың иелерін табу керек. Жоспарын жасап барлығы қоршалуға тиіс, бұлай болмайды. Неге қоршалмаған, адам өлгенін күтіп жүрсіңдер ме?», — деді Сапарбаев.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!