Санкцияның кесірі: Ресей миллиардеріне тиесілі яхталар ұсталып жатыр

0

Францияның Alpes-Maritimes департаментінде бұрын Альфа-банк акционерлерінің бірі болған, ресейлік миллиардер Алексей Кузьмичевке тиесілі екі яхта ұсталды. Бұл туралы French Liberation газеті өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның хабарлауынша, яхталар Еуропалық Одақтың санкциясы бойынша бұғатталуы тиіс активтер ретінде қарастырылған. Өткен дүйсенбіде оларға кеден қызметі келіп, иелеріне қабылданған шаралар туралы хабарлаған.
Әңгіме Канн портында орналасқан ұзындығы 17 метрлік Ursa Minor және Antibes кеме жөндеу зауытында жөнделіп жатқан ұзындығы 26 метрлік Ursa Major яхталары туралы болып отыр. Ресми түрде, кемелер Мальтада тіркелген Orangerie Marine Limited компаниясына тиесілі, бірақ Францияның Экономика министрлігінің құрылымдары мұның артында Кузьмичев тұр деп есептейді.

Бір күн бұрын, 22 наурызда Финляндия кеденінде санкцияға ұшыраған ресейлік кәсіпкерлерге тиесілі 21 яхта ұсталған еді. Ақпарат расталса, республика құзырлы органдары мүлікке тыйым салу мәселесін қарастырады.

Бұған дейін Гибралтарда Sinara тобы мен Pipe Metallurgical компаниясының иесі Дмитрий Пумпянскийге тиесілі болуы мүмкін яхта ұсталды.

Осының аясында Қырым басшысы Сергей Аксенов ресейлік олигархтарды батыс елдерінің әрекеттерінен қорғау үшін түбекке өздерінің яхталарын жіберуді ұсынды. Украинадағы қарулы қақтығыс басталғаннан кейін енгізілген санкциялардың өзін Аксенов «қарақшылық» деп атады.

(фото lenta.ru сайтынан алынды)