«Самұрық-Қазына» қорының қарызы 10 триллионға жетті

0

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қанша қарызы бары белгілі болды. Бұл туралы хабарлайды Kznews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір қордың жалпы қарызы – шамамен 10 триллион теңге. Қарыздың ауқымды үлесі «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі. Қордың одан басқа да борыштары бар.

«ҚазМұнайГаз» компаниясына келетін болсақ, қаржы тиімді жобаларға тартылды. Мұнай бағасы айтарлықтай жоғары, сондықтан қарызды қайтару бойынша ешқандай күмән жоқ. Жобалар өзін-өзі ақтайды.

Қордың өз қарызына келсек, қаржы «Қашаған» үлесін сатып алуға тартылды. Бұл үлес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының базасы мен IPO-ға шығу мүмкіндігін ұлғайтады», — деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, қор басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызына қатысты түсінік берді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының облигацияларын сатып алдық. ҚТЖ желісі бойынша транзит аясы кеңейіп жатыр. ҚТЖ қызметінің Қытай, Еуропа бойынша ұлғаюын ескерсек, компания өз қарызын толық көлемде өтей алады деп есептейміз», — дейді ол.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы елімізде атом электр станциясын салу жобасы аясындағы жұмыс басталғаны туралы айтты.