«QazaqGaz» басқармасының құрамы жаңарды
QazaqGaz директорлар кеңесінің шешімімен басқарма құрамы толығымен жаңарды, — деп хабарлайды Kznews.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
QazaqGaz басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып министрлік, мемлекеттік қаржы ұйымдары мен ведомстволарда айтарлықтай жиналған тәжірибесі бар Ерлан Мұқай тағайындалды.
«Қаржы министрлігінде, квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ, халықаралық мұнай-газ компанияларында жұмыс істеген Ерлан Мұқай қаржы және маркетинг мәселелерінде жаңа әдістер қолданды. Shell халықаралық компаниясында (Нидерландыда) қаржы директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, басқа да квазимемлекеттік және жеке компанияларда басшылық қызметтер атқарған», — делінген хабарламада.
Басқарма төрағасының өндіріс және маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін Мейірбек Ихсанов иемденді. Ол халықаралық компанияларда өндірістік және басқарушылық қызметтер атқарған. 9 елде ірі жобаларды іске асыруға қатысқан.
«Тағайындалғанға дейін Кувейт, Катар, Египет, Ресей, сондай-ақ, Таяу Шығыс пен Орта Азиядағы Schlumberger халықаралық компаниясындағы маркетинг және жаңа технологияларды сату жөніндегі өңірлік директор болып жұмыс істеді. Schlumberger (Франция) компаниясының бас кеңсесінде Management Development бағдарламасынан өтті», — деп атап өтті баспасөз қызметі өкілі.
Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болып Айдын Ақан тағайындалған. Ол іскерлік әкімшілік саласында магистр дәрежесі (MBA in Finance, University of Wales, Ұлыбритания) атағын алған.
«ҚазМұнайГаз» және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компанияларында жұмыс тәжірибесі бар, онда бірнеше жобаларға белсенді қатысқан», — делінген хабарламада.
Арман Қасенов — 20 жыл жұмыс өтілі бар маман. Ол Басқарма төрағасының стратегия және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары лауазымын иеленді.
«Әр жылдары «ҚазТрансГаз» компаниялар тобында басшылық қызметтер атқарды. «ҚазТрансГаз Өнімдері» компаниясын басқарды, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының орынбасары болды, Қаржы, маркетинг және корпоративтік даму мәселелеріне жетекшілік етті. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар», — деп атап өтті ұлттық компания өкілі.
(Фото http://Kapital.kz сайтынан алынды)