Сайлаушылардың 77 пайызы дауыс берді
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 77 пайызы дауыс берген.
ОСК мәліметінше, сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі аймақ бойынша мынадай:
Ақмола облысы | 83 % |
Ақтөбе облысы | 84,6 % |
Алматы облысы | 89 % |
Атырау облысы | 71,2 % |
Шығыс Қазақстан облысы | 84,5 % |
Жамбыл облысы | 81,3 % |
Батыс Қазақстан облысы | 66,2 % |
Қарағанды облысы | 77,1 % |
Қызылорда облысы | 77,6 % |
Қостанай облысы | 84 % |
Маңғыстау облысы | 68,3 % |
Павлодар облысы | 79,5 % |
Солтүстік Қазақстан облысы | 79,8 % |
Түркістан облысы | 84,8 % |
Нұр-Сұлтан қаласы | 68,3 % |
Алматы қаласы | 52,2 % |
Шымкент қаласы | 67,1 % |
Қазақстанда сайлауға дауыс беруге құқығы бар 11 814 019 адам бар.
Сайлау күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте наразылық шаралары болды. Жүздеген адам көшеге шығып, «Қазақстан!», «Бостандық!», «Бойкот!» деп айғайлады. Жиналған азаматтар президент сайлауына бойкот жариялайтындықтарын айтты. Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте полиция наразыларды ұстады. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен жүз шақты азамат ұсталғанын мәлімдеді. Бірақ оқиғаға куә болған журналистер бір Алматының өзінде ұсталғандар саны жүзге жуықтағанын хабарлады.
Қарай отырыңыз: Сайлау күнгі ұстаулар мен қамаулар (9.06.2019).
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.