Сайлау туралы уақыты келгенде айтамыз

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген сұхбатында сайлау туралы айтты. Ол қазіргі парламенттің жұмысына көңілі толатынын, бұл сессияның жұмысы 2021 жылы аяқталатынын жеткізді.

«Парламентке қатысты ешқандай сұрақ жоқ. Заңға сай жұмысын жасап жатыр. Парламенттің мерзімі — 2021 жыл, сайлау да сол уақытта болады. Президент сайлауының уақыты — 2020 жылдың желтоқсаны. Әлі екі жыл бар, оған дейін не айтуға болады. Уақыты келгенде айтамыз» деді Назарбаев.

Назарбаев Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға да «әсер етіп жатқанын», АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа одағы арасында қарым-қатынастың нашарлағанын айтты. Ол төрт тарапқа келіссөз жүргізуге Астанадан «алаң ұсынуға дайын» екенін жеткізді.

Назарбаев сұхбатында Қазақстан жастарының шетелге кетіп жатқанын айтып, жастар миграциясын тоқтату үшін елдегі университеттердің білім деңгейін көтеру керектігін ескертті.

«Ол мәселе (жастардың шетелге кетіп жатқаны — ред.) бұрыннан болған және қазір де бар. Бірақ өткен жылдан бастап [жастар] миграциясы төмендеді. Біз көңіл бөле бастадық. [Шетелдік] оқу орындары жастарды оңай емтихандармен, грант және стипендиялармен арбап жатыр. Жастар соған кетіп жатыр» деді Қазақстан президенті.

Оқи отырыңыз: Назарбаевпен сұхбатты неге тікелей эфирден көрсетпейді?

Назарбаев өз сұхбатында Қазақстандағы синофобия туралы да айтты.

28 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік телеарналары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдын ала жазылған сұхбатын көрсетті.

Дереккөз: Азаттық