сайлау, тарихы, қанша депутат, қандай партиялар
Осы уақытқа дейін парламент мәжілісіне депутаттар жеті рет сайланды. Соның ішінде бесеуі мерзімінен бұрын өткізілді. Парламенттің төменгі палатасының қалыптасу тарихымен Sputnik Қазақстан инфографикасынан таныса аласыздар
Бүгінгі VI шақырылымдағы мәжіліс өкілеттігінің мерзімі 2021 жылдың 24 наурызына дейін аяқталады. Демек, кезекті сайлау 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін өткізілуі тиіс. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттарын сайлау күні партиялық тізім бойынша өтетін сайлаумен сәйкес келмеуі мүмкін.
Әрбір партия кандидаттардың тізімін съезде бекітеді және ол тізімде үміткерлердің орналасу тәртібін өзі көрсетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының кандидаттарын осы ұйымның кеңесі бекітеді. Ал президенттің қатысуымен өтетін сессияда Ассамблеяның депутаттары сайланады.
Саяси партиялар әрбір кандидат үшін 15 ең төменгі жалақы (2019 жылы 637 500 теңге – Sputnik Қазақстан) мөлшеріндегі жарнаны Орталық сайлау комиссиясының есепшотына аударады.
Соңғы сайлауда 7 проценттік межеден асқан партиялар жарна төлемейді. Ал 3-7 процент дауыс жинаған партиялар жарнаның 50-70 процентін ғана аударады. Саяси ұйым сайлауда тиісті межеден асса, жарна қайтарылады. Ал өтпей қалса, ол ақша республикалық бюджетке түседі.
Сайлаудың қорытындысы 7 күннің ішінде жарияланады. 7 проценттік межеден асқан партиялардың барлық дауысы депутаттық мандаттарға бөлінеді. Осылайша, әрбір партияның квотасы анықталады.
Депутаттық мандаттарды тарату тәртібін партияның өзі анықтайды. Егер партияның басқарушы органы мандаттарды өзі таратпаса, Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге қарап, мемлекеттік тілдегі алфавит бойынша мандаттарды тарата алады.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Конституцияда көрсетілген мерзімде өтеді деп мәлімдеген еді.
sputniknews.kz