Саяси жаңғырту бағдарламалары жалғасады – Тоқаев
29 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жаңғырту бағдарламалары жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«ҚР Президенті Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Жоғарғы палатаның ағымдағы жылғы заң шығару қызметінің негізгі нәтижелері туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттің Қазақстан халқына жолдауында айтқан мәселелердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар заңдардың қабылданғаны туралы айтылды. Атап айтқанда, «Экологиялық кодекс», «Техникалық реттеу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа нақтылықта: іс-қимыл уақыты» Қазақстан халқына Жолдауының кейбір ережелерін іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды», — хабарламасында айтылды.
Әшімбаевтың айтуынша, «бұл заңдардың барлығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған».
«Президент болашақта саяси жаңғырту және экономикалық даму бағдарламалары жалғасатынын, сондай-ақ басқа салаларда ауқымды жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатқа аталған бағыттардың орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді тапсырды», — деп толықтырды Ақорда.
Керімсал Жұбатқанов