Атырауда қытайлар коронавирус таратып жүр: министрлік жауап берді

0

Бір күн бұрын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Теңізден шыққан коронавирус эпидемиясы қалаға тарады деген хабарлама пайда болды. Онда тасымалдаушы Қытай азаматтары болғаны айтылған. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасының азаматтары мен қытай компаниялары Теңіз кен орнында тіркелмеген», — деп түсіндірді ол.

Жалпы, пандемия басталғалы бері Атырау облысында 11 633 адам коронавирус жұқтырды, оның 4 042-сі Теңіз кен орнында анықталды. Сонымен қатар аурудың 60% -і профилактикалық тексеру кезінде анықталды.

Байтанаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Теңіз кен орнында жедел штаб құрылып, карантиндік шектеулер күшейтілгенін еске салды. Теңіз кен орнына блок бекеттер қойылды.

Қызметкерлер вахтаға келгеннен кейін карантиндік стационарға бір аптаға орналастырылып, COVID-19 індетіне қарсы ПТР тестілеуден өткізіледі. Сонымен қатар, вахтадан шыққанға дейін бес күн бұрын ПТР тестілеу жүргізіледі.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды ақпаратты ресми дереккөздерден ғана алуға шақырды.

Сондай-ақ, ведомство қасақана жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Бұл бапта мыңнан бес мың АЕК-ке дейін айыппұл (2,7-13,8 миллион теңге ) немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.