Саяси тұтқындар тізіміндегі ескі де жаңа есімдер

0

Қазақстандық құқық қорғаушылардың пікірінше, саяси астары бар тұтқындаулар мен сот процестерінен кейін 2018 жылы саяси тұтқындар тізімі бірнеше жаңа есіммен толықты. Тізімде бұрыннан келе жатқан есімдер де бар.

ТІЗІМДЕГІ ЖАҢА ТҰЛҒАЛАР

2017 жылы қарашада Алматыда қамауға алынған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов 11 айдан соң «алаяқтық» жасады деген айыппен жеті жылға сотталды. Ерімбетовтің өзі, туыстары мен құқық қорғаушылар оны қудалаудың саяси астары бар деп біледі, олардың пікірінше, билік кәсіпкердің қарындасы Бота Жәрдемәліні Отанына қайтарып, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы БТА банк басшысы, қазіргі биліктің қарсыласы Мұхтар Әблязовке қарсы «қажетті» түсініктеме алуды көздейді. Әблязовтың командасында жұмыс істеген, қазір Бельгиядан пана тапқан Жәрдемәлі Қазақстанға қайтудан қорқады.

"Алаяқтық" айыбы тағылған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің өзі мен жақтастары қылмыстық іс "ойдан құрастырылған" дейді.

«Алаяқтық» айыбы тағылған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің өзі мен жақтастары қылмыстық іс «ойдан құрастырылған» дейді.

Тергеу орындары Ерімбетовті қамауға алысымен іле-шала оның «Әблязов БТА банктен шығарған қаржының ізін жасыруға қатысы бары» туралы мәлімдеген. Алайда бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр деген хабар бар, ал кәсіпкерді ұстағаннан кейін пайда болып, Ерімбетовті соттауға негіз болған «алаяқтық» туралы іске бақылаушылар күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, (Ерімбетовке қатысы бар) коммерциялық ұйымның пайда табуын қылмыс деп қарауға келмейді, ал бағаны көтеру туралы айыптау негізсіз, себебі іс бойынша «жапа шегушілер» жапа шеккендерін тергеу тобынан естіп білген.

Ерімбетов ісіне қатысты сот басталмай тұрып, сәуірде қазақстандық сарапшылар тобы бизнесменді саяси тұтқын деп таныды. Бұл тұста Ерімбетовтің ата-анасының ұлдарының тергеу абақтысында азаптағаны туралы берген шағымы бойынша тергеу жүріп жатқан. Билік «азаптау туралы шағымның дәлелі жоқ» деп, істі жауып тастады.

Шілденің 25-і күні өткен қазақстандық құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі отырысында саяси тұтқындар немесе ар-ұждан тұтқындары деп танылған адамдардың есімдері жарияланды. Бұл тізімде 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсы шығып, биліктің көзіне түскен, ал 2017 жылы Мұхтар Әблязов құрған, ол кезде тыйым салынбаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) ұйымына қолдау білдірген 44 жастағы белсенді Алмат Жұмағұловтың да аты-жөні бар.

Алмат Жұмағұлов 2017 жылы қарашаның 27-сі күні қамауға алынған. Сол күні банк күзетшісі болып істейтін Кенжебек Әбішев те ұсталған. Оларға «жиһадшылар» ісі бойынша айып тағылды. 52 жастағы Кенжебек Әбішев саяси тұтқындардың жаңа тізіміне ілінді, бірақ оның саясатқа, ҚДТ мен Әблязовке қатысы жоқ. Әбішев қазақ тілді белсенділер арасында «халық ақыны» деген атпен танымал.

Желтоқсанның 21-і күні Алматы соты Алмат Жұмағұловты «терроризмді насихаттады» және «ұлттық алауыздықты қоздырды» деген айыппен сегіз жылға соттады, ал Кенжебек Әбішевті «терроризмді насихаттаған» деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Олар «істің ойдан шығарылғанын» мәлімдеп, тағылған айыпты мойындамады.

"Терроризмді насихаттады" және "алауыздықты қоздырды" деген айыптар тағылған Алмат Жұмағұлов сотта тұр. Алматы, 11 желтоқсан 2018 жыл.

«Терроризмді насихаттады» және «алауыздықты қоздырды» деген айыптар тағылған Алмат Жұмағұлов сотта тұр. Алматы, 11 желтоқсан 2018 жыл.

Саяси тұтқындардың жаңарған тізімінде шілденің 7-сінен бері қамауда отырған алматылық Әсет Әбішев те бар. Қарашаның 30-ы күні оны қазақстандық сот экстремистік деп таныған ҚДТ ұйымының іс-әрекетіне араласты деген айыппен төрт жылға соттады. Құрылыс бизнесімен айналысуға тырысқан жұмыссыз Әбішев Facebook әлеуметтік желіде ҚДТ ұйымын қолдап посттар жазып, Әблязовтың хабарламаларын көшіріп жариялаған.

Сотталушы Әсет Әбішев пен адвокаты Гүлнара Жуаспаева сот залында отыр. Алматы, 29 қараша 2018 жыл.

Сотталушы Әсет Әбішев пен адвокаты Гүлнара Жуаспаева сот залында отыр. Алматы, 29 қараша 2018 жыл.

Жаңартылған тізімде Ақтаудың 44 жастағы тұрғыны Абловас Жұмаев та бар, қыркүйектің 20-сы күні оны telegram-чаттағы ҚДТ хабарламасында «алауыздықты қоздыратын» және «билікті күшпен тартып алуға шақыратын» хабарламалар жариялаған деген айыппен үш жылға соттады.

Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердіге қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр, оған «билікті тартып алуға шақырды» деген айып тағылған. Ақберді ерінің ҚДТ ұйымына мүше емес екенін, бірақ халықтың жағдайын жақсарту қажеттігі туралы идеяларды қолдайтынын айтады. Ақберді ешқайда кетпеу туралы қолхат берген, отбасында кенжесі әлі беске толмаған төрт баласы бар.

"Алауыздық тудырды" және "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыптармен сотталған ақтаулық Абловас Жұмаев.

«Алауыздық тудырды» және «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптармен сотталған ақтаулық Абловас Жұмаев.

«ШАРТТЫ ТҮРДЕ» САЯСИ ТҰТҚЫНДАР МА?

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның сайтында 2018 жылы шілденің 25-і күні жарияланған «Қазақстандағы саяси тұтқындар мен ар-ұждан тұтқындары тізімінде» Әсет Нұржаубай мен Мұратбек Тұңғышбаевтың аты бар.

Қазанның 2-сі күні Алматы соты 30 жастағы Әсет Нұржаубайды шартты түрде төрт жылға соттады. Оған «алаяқтық жасады, Мұхтар Әблязовке көмектесті және ҚДТ қызметіне араласты» деген айыптар тағылған болатын. Сот процесі кезінде айыптаумен келіспеген Нұржаубай соңғы сөзінде толықтай өкінетінін айтып, Әблязовты айыптады. Бірнеше сағаттан соң ол шартты жаза алып, сот залынан босап шықты. Ол жарты жылдай қамауда отырды.

Сотталушы Әсет Нұржаубай соттағы соңғы сөзінде Мұхтар Әблязовты айыптады. Алматы, 2 қазан 2018 жыл.

Сотталушы Әсет Нұржаубай соттағы соңғы сөзінде Мұхтар Әблязовты айыптады. Алматы, 2 қазан 2018 жыл.

Әсет Нұржаубайдың есімі құқық қорғаушылар жасаған, саяси қудалау туралы ақпарат жинайтын Tirek.info сайтындағы «саяси тұтқындар тізімінде» қазір жоқ. Бірақ әзірге тізімді жаңарту туралы сарапшылар кеңесінің отырысы өтпеген. Кеңес үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина Нұржаубайдың шартты түрде болса да бостандыққа шыққанын, сондықтан тізімнен «автоматты түрде» шығып қалғанын айтады.

41 жастағы блогер Мұратбек Тұңғышбаев тізімде әлі тұр. Оны маусымда Қазақстан билігінің талабымен Қырғызстаннан Алматыға экстрадициялаған. Оған ҚДТ-ға қатысы бар деген айып тақты. Тұңғышбаевтың өзі қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Қарашада билікті қолдайтын бірнеше сайт «қатесіне өкінген» Мұратбек Тұңғышбаевтың мақаласын жариялады. Сәлден соң Тұңғышбаевтың Алматыдағы тергеу абақтысында отырмағаны белгілі болды.

Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.

Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.

Тұңғышбаевтың әлі де саяси тұтқындар тізімінде тұрғанын түсіндірген Төреғожина оның қамау орнынан шықса да, еркіндікте еместігімен — үйқамақта отырғанымен байланыстырады.

ТІЗІМДЕ БҰРЫННАН БАР ТҰЛҒАЛАР

2018 жылы сәуірдің 4-і күні жарияланған саяси тұтқындар тізімі айтарлықтай өзгерген, себебі осы уақыт ішінде бірнеше адам, атап айтқанда «жер мәселесі» бойынша жаппай шеруге қатысқан атыраулық белсенді Талғат Аян, Маңғыстау облысындағы кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев, «сопылар жамағатының басшысы» алматылық профессор Саят Ибраев, құқық қорғаушы Вадим Курамшин бостандыққа шықты. Бұл туралы ақпарат Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның сайтында тамыздың 2-сі күні жарияланды.

2018 жылғы сәуірдің 4-інен бері жағдайы өзгермеген «бұрынғы» саяси тұтқындар қатарында 2006 жылы Шаңырақ оқиғасына қатысқаны үшін ұсталып, сотталған диссидент әрі ақын Арон Атабек 18 жылдық сот жазасын түрмеде өтеп жатыр; 2009 жылдың мамырынан бері «сыбайлас жемқорлық» ісі бойынша айыпталып, 14 жылға сотталған «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев әлі қамауда отыр; 2015 жылдың ақпанынан бері тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына қатысып, «діни алауыздықты өршітті» деген айыппен төрт жыл сегіз айға сотталған алматылық Сәкен Тулбаев та бостандыққа шыққан жоқ.

Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша сот процесі кезінде. Алматы, 11 қыркүйек 2007 жыл.

Арон Атабек «Шаңырақ ісі» бойынша сот процесі кезінде. Алматы, 11 қыркүйек 2007 жыл.

Атабек, Жәкішев пен Тулбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуларына мүмкіндік беретін уақыт келді. Құқық қорғаушылар олардың әлі күнге дейін түрмеде отырғандарының саяси астары бар деп біледі. Олардың дерегі бойынша, Мұхтар Жәкішевке билік мамырда мүгедектік тағайындаған.

Билік қыркүйекте Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермеді, қарашада шартты түрде босап шығуына рұқсат етпеді.

Арон Атабектің түрмеде отырғанына 12 жыл толды, ол шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығудан өзі бас тартты. Құқық қорғаушылар қоғамның оны ұмыта бастағанын айтып, дабыл қағады – 2018 жылы қаңтарда Атабектің 65 жасқа толған мерейтойы елеусіз қалды.

Құқық қорғаушылар биліктің жер реформасына қарсы шығып, бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаевты 2016 жылдың мамырынан бері әлі күнге түрмеде ұстап отырғанына назар аударады.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Боқаевтың адвокаты Айман Омарова оның шартты түрде босап шығуға өтініш бермейтінін айтады, себебі белсенді өзін кінәсіз санағандықтан ешкімнен ештеңе сұрағысы келмейді.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР МЕН БИЛІКТІҢ СӨЗІ

Саяси тұтқындар жөніндегі сарапшылар кеңесінің үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина 2018 жылы тізімді негізінен ҚДТ идеясы мен Мұхтар Әблязовты (Қазақстан соты 2017 жылы қаржы жымқырды деген айыппен 20 жылға сырттай соттаған, бір ай бұрын 2004 жылы адам өліміне тапсырыс берген деген айыппен сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырған) қолдаушылар толықтырғанын айтады. Халықаралық ұйымдар Астананы саяси тұтқындарды босатып, азаптауды тоқтатуға шақырады.

Билік саяси тұтқындар бар екенін мойындамайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде «азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатын Қазақстанда саяси қудалау мен тұтқындардың жоқ» деп мәлімдеген.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өкілі Ғалымжан Хасенов Азаттыққа Қазақстан заңнамасында «саяси тұтқын» мен «саяси қылмыс» деген түсініктің жоқ екенін айтты.

Дереккөз: Азаттық