«Саяси тұтқын» Абай Бегімбетов қамаудан шықты
Қазақстанда «13 белсендінің ісі» бойынша сотталып, былтыр сот үкімімен бес жылға түрмеге қамалған азаматтық белсенді Абай Бегімбетов 13 мамырда Алматы облысы Заречный елдімекеніндегі жаза өтеу мекемесінен бостандыққа шықты. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді Рахиля Бекназарова хабарлады.
Оның айтуынша, түрме әкімшілігі Бегімбетовті жұма күні таңертең босатқан. Алматыда белсенділер түске таман онымен саябақта кездесті.
27 сәуірде Қапшағай қалалық соты азаматтық белсенді Абай Бегімбетовтің өтінішін орындап, жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстырған еді.
Былтыр Алматы соты «тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты» деп айыпталған 13 белсендіге түрлі жаза тағайындаған. Судья төрт белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айырды, 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеген. Олар Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) және «Көше партиясының» жұмысына араласты немесе қатысты деп айыпталған. Екеуін де Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты «бейбіт оппозициялық ұйымдар» деп атаған.
Айыпталған белсенділердің барлығы – қоғамдық-саяси мәселелерге ой-пікірін ашық айтып, үкіметті сынап, наразылық акцияларын қатысып жүрген азаматтар. Олардың ешқайсысы тағылған айыпты мойындамай, үкімді апеляцияға берген. Алайда шағымдары қанағаттандырылмады. Құқық қорғаушылар түрме жазасына кесілген белсенділерді «саяси тұтқын» деп таныған.
Осыған дейін сот азаматтық белсенділер Қайрат Қылышев пен Асхат Жексебаевтың жазасын жұмсартқан.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды «экстремизмге қарсы заңдарды» оппоненттеріне қарсы қолданды деп жиі айыптайды. Наурыздың соңында жарияланған халықаралық Amnesty International ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жайы туралы есебінде елде «экстремистік» ұйым қызметіне қатысты деген айыппен сотталған азаматтар саны артқаны жазылған.