Саясаткерлер Алмазбек Атамбаев пен «Апрель» телеарнасын сотқа берді

0

Қырғызстандық саясаткерлер Азимбек Бекназаров, Ахматбек Келдибеков және Кенешбек Дуйшобаев экс-президент Алмазбек Атамбаев пен «Апрель» телеарнасын сотқа берді. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, олар соттан 18 миллион сом (257 мың доллар) өндіріп беруін сұраған.

«Апрель» телеарнасының директоры Дмитрий Ложниковтың Facebook-тегі парақшасында хабарлауынша, саясаткерлер Атамбаев пен телеарнаның әрқайсысынан 9 миллион сомнан талап еткен.

Парламенттің экс-спикері Ахматбек Келдибеков «NUR TV» телеарнасына берген сұхбатында экс-президент Алмазбек Атамбаевты жақында жасаған мәлімдемесі үшін сотқа беретінін айтқан еді. «Ол мәлімдемесінде адамдың ар-намысына тиген. Мен сотқа шағымданамын. Ол сөздерін сотта дәлелдей алмаса, жауапқа тартуын талап етемін» деген Келдибеков.

10 желтоқсанда «Апрель» телеарнасына сұхбат берген Алмазбек Атамбаев Ахматбек Келдибековтың жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

«Адамдарды соқыр көргісі келеді. Адал еңбекпен тапқан табыс пен ұрлаған ақшаның айырмасы жоғын көрсеткісі келеді. Мемлекеттік қызметте жүріп миллионер атанған сол Келдибековтер мен Тюлеевтер «Атамбаевты қамау керек» деп айтып жүр ғой. Кімді қамау керек? Мемлекеттен ұрлап байығандарды ма әлде өз еңбегімен ақша тауып, ата-бабасының жерінде өзіне үй салған адамды ма? Байқап отырмын, қазіргі билік ұрылар мен жала жабушылармен тіл тауып отыр. Оларды тұтқындамайтыны әрине, таңғалдырады» деген Атамбаев.

Желтоқсан айында Келдибеков Kyrgyztoday.kg сайтын сотқа беріп, 1 миллион сом (шамамен 14 мың доллар) талап еткен. Саясаткер басылымда жарияланған мақала өзінің ар-ұжданына нұқсан келтірді деп есептейді.

Дереккөз: Азаттық