Сағынтаев пен Медведев «Медеу» мұз айдынында мотоциклдер жарысын тамашалады

0

Сенбі күні «Медеуде» Халықаралық мотоциклшілер федерациясының (FIM) қолдауымен спидвей бойынша жеке әлем чемпонатының ақтық кезеңінің алғашқы күні өткен болатын. Оған әлемнің бес мемлекетінен — Қазақстан, Австрия, Швеция, Ресей мен Германиядан 18 «мұз гладиаторы» қатысқан еді.

«Жарыстың алғашқы күні 20 іріктеу кезеңі, екі жартылай финал және бір финалдық кезең өткізілді. Әрбір жарыста төрт шабандоз жарысқа шығып, алған орындарына байланысты ұпай жинап отырды. Ең көп ұпайға ие болған шабандоздар жартылай финал мен финалдық кезеңнің тобын құрады», — делінген Қазақстан автомотоспорт федерациясының баспасөз хабарламасында.    

Айта кетейік, жарысты арена трибунасынан Қазақстан мен Ресейдің Премьер-Министрлері Бақытжан Сағынтаев пен Дмитрий Медведев тамашалады. Олар «мұз гладиаторларының» сайысын белсенді суретке түсіріп отырды.

Жарыстың алғашқы күнінен бастап, әлемдегі ең мықты мотоцикл шабандоздары экстремалды спорт түрлерінің жанкүйерлеріне ұмытылмас шоу мен тістескен күресті көрсетті. Қатысушылар мұз жолының үстімен сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүйіткіді. Старттық кезеңдер өте қарқынды әрі керемет өтті. Күткендегідей, ресейлік мотоциклшілер іріктеу кезеңінде бірден алға шықты.

Қазақтар, немістер мен австриялықтарға әлемдік спидвейдің шеберлерімен бәсекеге түсу оңайға түскен жоқ.

Швецияның райдері Мартин Хаарахилтунен алғашқы сенсацияның иесі десе де болады. Ол бәсекелестерімен соңына дейін күресіп, жеңіске жетуге барын салды. Нәтижесінде, өршіл Швеция өкілі іріктеу кезеңінде жеткілікті ұпай жинап, финалға шықты. Орыс шабандоздары үшін негізгі бәсекелестердің бірі саналатын австриялық Франц Цорн бұл жолы өнерін көрсете алмады. Бірінші жарыстағы соқтығыстан кейін ол жоғары жылдамдықпен қозғала алмай, жартылай финалға барар жолда сүрінді.

Қазақстандық райдерлер Владимир Чеблоков, Сергей Серов және Андрей Шишегов алғашқы күннің жарыстары негізінде жақсы нәтиже көрсете алмай, жарыс жолынан шығып қалды.

20 айналымнан кейін жеңіске ресейлік Даниил Иванов жетіп, 19 ұпаймен бәрінің алдына шықты. Екінші және үшінші орындарға да ресейлік Динар Валеев пен Дмитрий Хомицевич жайғасты. Олардың екеуі де 17 ұпайдан жинады.

Нәтижесінде, осы үш ресейлік шабандоз бен швед Хаарахилтунен финалда өнер көрсетті. Шешуші жарыста швед жігіті ең соңғы болып келіп, бірінші орынға жас шабандоз Динар Валеев жайғасты. Тәжірибелі Иванов пен Хомицевичті артқа тастаған Башқұртстан өкілі Динар Валеев осылайша жарыс жеңімпазы атанды.

«Мен үшін жарыс жақсы басталды деп айта алмаймын — мотоцикл талап етілетін қуатқа жете алмады. Дегенмен, командамен бірге бұл мәселелерді шештік. Тамаша нәтиже көрсеткеніме өте қуаныштымын. Менің жауынгерлік рухым бар, мен осы және келесі кезеңдерде жеңіске жетуге дайынмын», — деді Динар Валеев.

FIM Ice Speedway Gladiators World Championship 2019 әлемдік күнтізбеге енетін сайыс. Алматылық кезеңді ҚР автомотоспорт федерациясы ұйымдастырды.

Еске салайық, биыл мұз айдынындағы мотоциклдер жарысының әлем чемпионаты жеті кезеңнен тұрады — екі іріктеу және бес финалдық кезең. Жеке біріншіліктің алғашқы кезеңін өткізу Қазақстанға бұйырды, екінші кезең Ресейдің Шадринск қаласында жоспарланған. Осыдан кейін шабандоздар Германия мен Голландияда жарыс жолына шығатын болады. Әлем чемпионатының командалық чемпионаты Ресейдің Тольятти қаласында 20 жылдық үзілістен кейін жалғасын тапқалы отыр.

Дереккөз: http://egemen.kz/