Сағынтаев әкімдердің баяндамасы жайлы: Жақсылап дайындалыңыздар — Ел жаңалықтары
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында облыс әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өңір басшыларының қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі мәселесі бойынша есебін тыңдағаннан кейін үкімет басшысы әкімдерге ескерту жасады. Сағынтаев таяуда Президент көтерген мәселені, яғни қойылған сұраққа қалай ақпаратты жеткізу туралы айтты.
«Әрі қарай баяндама оқитындар үшін: себептері туралы баяндайтын болсаңыз, дұрыс түсіндіріңіз. Бір облыс баға методологиясына өзгерістер енгізілді деп түсіндіріп жатыр, екіншілері Өзбекстаннан келген гастербайтерлер кінәлі дейді. Сонда сіздің жұмысыз қандай? Жыл сайын сырттан жұмысшылар тартылады және жыл сайын еңбек өнімділігінің түсіп кетуін солардан көреміз бе? Жиналысқа дайындалғанда, баяндама жасауға дайындалғанда, ат үсті қарай салмай, жіті қарап шығыңыз», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр осыған дейін Мемлекет басшысының өңірлердің рейтингін құрастыруды тапсырғанын айтты.
«Сіздердің баяндамадан барлығының себебін іздейтіндеріңіз көрініп тұр: жұмыс орны көбейген және көптеген басқа да себеп. Өңірде жаңа зауыт не фабрика іске қосылған уақытта неліктен олар еңбек өнімділігіне әсер бермейді. Біздің жұмысымыз осыған тікелей байланысты. Қандай сала алсақта сіздердің себептеріңіз бен сілтемелеріңіз дайын тұрады. Жүйелі жұмыс қайда? Біз мың зауыт аштық деп жатырмыз, солардың әсері қайда? Сіздер өзі қандай зауыттар ашып жатырсыздар?», — деді Бақытжан Сағынтаев.
«Бүгінге дейін істелмеген шаруаны қай уақытта дұрыстағыларыңыз келеді. Ертең бітіп кетпесі анық. Осыған орай бұл мәселені әрдайым бақылауда ұстауды сұраймын. Жарты жыл сайын осы мәселеге оралып, осы міндеттердің орындалуын қадағалау қажет», — деді үкімет басшысы. Сонымен қатар, ол орынбасары Асқар Маминге осы мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz