Сәбилер бөбектер үйіне әртүрлі жағдаймен түседі

0

«БАЛАНЫ ҮЙГЕ АПАРУҒА БЕТІМІЗ ШЫДАМАДЫ»

18 жастағы Айсұлу (аты-жөні өзгертілді — ред.) босанған соң сәбиін анасымен ақылдасып барып бөбектер үйіне өткізген. Қазір 11 айлық қызын көру үшін айына екі рет бөбектер үйіне келіп тұрады.

— Ауыл мектебін бітіріп, қалаға оқуға түстім. Жігітім жүкті екенімді біліп, тастап кетті. Аяғым ауыр екенін анам перзентхана дәрігерлерінен естіпті. Ағайын, туған-туыс бар, баланы үйге алып баруға бетіміз шыдамады. Анам екеуміз ақылдаса келе [баланы] уақытша бөбектер үйіне өткіземіз деп шештік. Оқуым бар, қосымша жұмыс істеймін, жиі келуге уақыт болмайды, — дейді ол.

Шымкенттегі бөбектер үйінің ішкі көрінісі. 26 қараша 2010 жыл

Шымкенттегі бөбектер үйінің ішкі көрінісі. 26 қараша 2010 жыл

Бөбектер үйіндегі сегіз айлық Айзеренің туу туралы куәлігі жоқ. Сәбиді мұнда полиция қызметкерлері әкелген. Айзерені төрт айдан бері артынан іздеген адам болмаған. Полиция ішімдікке салынған әкесі шешесін өлтіргенін, қазір түрмеге отырғанын хабарлаған. Айзеренің әжесі сәбидің бөбектер үйінде екенін біледі, бірақ іздеп келмеген.

Түркістан облысы Келес ауданының 52 жастағы тұрғыны Ерғали (аты-жөні өзгертілді – ред.) бөбектер үйіне үш жасар ұлын көру үшін келген. Ерғалидің екінші әйелі баланы өмірге әкелген соң бір аптадан кейін қайтыс болған. Кейін ол ұлын бөбектер үйіне өткізген. Баласын бір ай бойы көрмеген әке бөбектер үйінің ауласында қобалжып тұр. Қабағы қатулы, өңі жүдеу. Фото, видео түсіруге қарсы болған Ерғали «баламды осы жерге уақытша өткізуге мәжбүр болдым» деп сөз бастады.

— Денсаулығына байланысы дәрігерлер әйеліме босануға болмайды деп еді. «Әй, болмайды десе, тума» дедім. Тыңдамады. Бала өмірге келгеніне бір апта өткен соң екінші әйелім 39 жасында қайтыс болды. Ал бірінші әйелімнен төрт балам бар. Қызым Астанада, балам Сарыағашта оқиды. Екі қызым тұрмыс құрған. Өзім жұмыстамын. Үйде балаға қарайтын адам болмаған соң уақытша бөбектер үйіне өткіздік. Баламды ешкімге бермеймін. Беретін ойым да жоқ. Қазір қыс ауасы, ауыртып аламын ба деп қорқып отырмын. Аман-есен болсам, көктемде төрт жасқа толмай тұрғанда алып кетемін. Ұлым – менің жаным, — дейді ол.

Бөбектер үйі орналасқан екі қабатты ғимараттың іші тап-таза. Күзетші қақпа алдында кіріп-шығып жатқан әрбір адамды тексереді. Бөбектер үйінде тәрбиешілер, дәрігерлер, аспазшылар бар. Балалардың күтімін әке-шешелері, жақындары бақылайды. Ата-аналар өмірі жайлы тіс жармайды, ашылып айта бермейді. Көбі сөйлесуден қашқақтайды.

«АТА-АНАСЫН ЖАТЫРҚАЙТЫН ДА БАЛАЛАР БАР»

1939 жылы ашылған бөбектер үйінде қазір 63 бала бар. Үшеуінің ата-анасы түрмеде отыр. Бес баладан әке-шешесі бас тартқан. 11 бала түрлі дертке шалдыққан. Жыл басынан бері 38 баланы ата-анасы немесе жақындары алып кеткен. Ата-анасы бас тартқан бір сәбиді басқа отбасы асырап алған. Бөбектер үйі басшылығының есебінше, бұл жерді 2016 жылы — 89 бала, 2017 жылы 87 бала паналаған.

Бөбектер үйінің дәрігері Ләззат Асабаеваның айтуынша, бұл жерге бала әкелетіндер саны азайып жатқан жоқ.

Ата-аналар басынан өткен өмірімен бірге баланы құпия сақтауға тырысады. Көбі баласы бар екенін жасырады. Алғашында баласын көруге күнара келген анасы кейіннен аптасына, айына бір рет келетін болады.

— Анасы өткізген балалардың әкесі артынан іздеп келген емес. Бөбектер үйіне балалар қалалық және Түркістан облыстық білім басқармасы мен әкімдердің қаулысы арқылы қабылданады. Ата-аналар басынан өткен өмірімен бірге баланы құпия сақтауға тырысады. Көбі баласы бар екенін жасырады. Алғашында баласын көруге күнара келген анасы кейіннен аптасына, айына бір рет келетін болады. Кейбірі 3-4 айда бір келгендіктен баласы жатырқап танымай жылайды. Кездесуге келген ата-ана ары кетсе баласының жанында бір сағат отырады. Серуендеуге де шықпайды, — дейді дәрігер.

Бөбектер үйінің жетімдер үйінен негізгі айырмашылығы – балалар мұнда төрт жасқа дейін тәрбиеленеді. Кейін ата-аналарына немесе жақындарына қайтарылады.

— Ата-аналардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Бірінің тұрмыс тауқыметін көп тартқаны, әлеуметтік жағдайы нашар екені көрініп тұрады. Енді бірінің әл-ауқатты екені байқалады. Балалар артынан іздеп келетін ата-анасын таниды, бірақ бөбектер үйіндегі өмірге үйреніп кеткен. Үйдегі балалар сияқты әке-шешесін іздемейді. Неге келмейді деп те сұрамайды. Кейде ата-анасына бармаймын деп жатырқап жылайды, — дейді балалар дәрігері Ләззат Асабаева.

Қоқыстағы бесік арба. Көрнекі сурет

Қоқыстағы бесік арба. Көрнекі сурет

Бөбектер үйінің психологы Калина Медеуованың айтуынша, бөбектер үйін паналаған сәбилердің психикасына көп күш түседі.

— Кімге де болса баланы тастап кету оңай емес. Бұл – балаға да, анаға да өмір бойына өшпейтін таңба, жазылмайтын жарақат. Баласын тастап бара жатқан әйел қатты күйзеліске ұшырайды. Кейбірі ұяттан аса алмай баласынан бас тартады. Үйде тәрбиеленген бала мен бөбектер үйіндегі баланың дамуында физиологиялық, психологиялық тұрғыда айырмашылық бар. Бөбектер үйінде өскен бала қорқынышта өмір сүреді, — дейді ол.

Бөбектер үйінің басшылығы жарты жыл бойы баласына келіп, хабар алмаған он шақты ата-анаға полиция арқылы іздеу салған. Табылмаса сотқа бермек. Сот таба алмаған бес адам ата-ана құқығынан айырылған.

Дереккөз: Азаттық