Роза Рымбаева: Қазір аузыңды ашсаң, бәлеге қаласың

0

Роза Рымбаева өнердегі жас әріптестерін сынаймын деп талай сынға қалған. Кезінде Ернар Айдарға, ал жуырда Иманбекке қатысты өз ойын айтқаны үшін жұрт Халық әртісін жерден алып, жерге салған.

Роза Қуанышқызы «шындықты айтатын адамның ешкімге жақпайтынына» көз жеткізген. Бұл туралы ол Paparazzi бағдарламасында айтты.

«Бізді қазір кім сынамайды? Қазір Instagram, Youtube бар… Аузыңды ашсаң, бәлеге қаласың. Шындықты айтам деп бәлеге қаласың. Енді шындықты біреу айтпаса, солай өтірік өзімізге өзіміз алданып, өтірік мақтауға мәз болып жүре береміз. Шындықты айтқан адам тек біздің өмірімізде емес, кезінде патшаға шындықты айтқан адамның басын кесіп алған. Шындықты айтқан адам ешқашан да бірден жақпайды. Оны артынан келіп түсінеді. «Ол кісі дұрыс айтқан екен ғой» деп мен туралы да шығып жатады», — деп ағынан жарылды Роза Қуанышқызы.

Ақиқатты турасынан айтқанды ұнататын Рымбаева әріптесі Меруерт Түсіпбаеваны да тік мінезі үшін сыйлайды.

«Ең бірінші, бұл заманда мінез керек шығар?! Басқа қыздардан гөрі, Меруерттің мінезі ерекше деп санаймын. Қайсар, ашық, өзінің ойын тік айтады. Ешкімге жағымпазданып, асыра мақтап немесе біреуге жаман атты болған емес», – дейді ол.