Home Жаңалықтар Павлодарлық полицей мал ұрлаған сотталушыдан ет түрінде пара алған

Павлодарлық полицей мал ұрлаған сотталушыдан ет түрінде пара алған

0
383

Павлодарда полицей мал ұрлап сотталған азаматты қорғауына алу үшін ет талап еткен. Сот үкімімен пара алған тәртіп сақшысы шенінен айырылып, миллион теңге айыппұлға жазаланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысы ДП Криминалдық полиция бөлімінің 42 жастағы аға жедел уәкілі мал ұрлығымен айналысқан адамнан етпен пара талап еткен. 2019 жылдың маусымында ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылып, алайда кейінірек жаза бостандығымен шектеуге ауыстырылған.

«Сотталған адамның өзіне қызығушылық танытатын адам екенін түсінген бұрынғы полиция қызметкері WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы үнемі бейресми түрде хабарласуды жалғастырған. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап, ол мобильді байланыспен сөйлесу кезінде, егер оған ет түріндегі заңсыз сыйақы берілсе, ол есеп беруші ретінде жалпы қауіпсіздікпен қамтамасыз ететінін және одан бас тартқан жағдайда оған жедел тексеру жүргізетінін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар оны қамауға алынғанға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп қорқытқан», – делінген сот құжатында.

«Сот кабинеті» материалдарына сәйкес, өткен жылдың қарашасында полицей сотталушыға қайта хабарласып, оған 50 келіге дейін ет әкелуді талап еткен. Салдарынан қорыққан ер адам келісіп, кездесуге шақырған, бірақ оған барар алдында Павлодар облысы ДП Ішкі қауіпсіздік басқармасына арыз жазады. Сол күні қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Павлодар тұрғыны Ішкі қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің мөрі басылған етпен полицеймен кездесуге барады.

«Еттің әрбір бөлігіне «пара» сөзі алдын ала жабыстырылған. Ет қаптары ультракүлгін сәуле әсерінен жарқырайтын арнайы химиялық ұнтақпен өңделген. 2020 жылдың 19 қарашасында, сағат 17:30 шамасында, аға жедел қызметкері кездесуге келіп, өзі үшін 18 697 теңге тұратын 10,2 келі сиыр еті түрінде параны алады. Заңсыз сыйақыны көліктің багажына салған ол жүргізуші орнына жайғасып қылмыс орнынан кетпекші болғанда қолға түсті» ,- делінген құжатта.

Сот отырысында айыпталушы сотталушыны 2015 жылдан бері білетінін айтып кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, сотталушы бостандыққа шығып одан бірнеше рет қарыз алған және оны етпен қайтарған. Алайда, сот қылмыскердің бұл уәждеріне сене қоймады.

Үкім шығарған кезде жеңілдететін мән-жайлар ескерілді – сотталушының екі кәмелетке толмаған баласының болуы және бұрын сотталмағаны. Сондай-ақ, оның жалған сөйлеуі жазаны ауырлатуға сеп болды.

Қылмыстық істер жөніндегі Павлодар соты полицейді «Пара алуға әрекет жасау» бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 308 790 теңгені құрайтын параның 70 еселенген мөлшерінде айыппұл салды және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда, банктік және қаржылық ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сонымен қатар одан «полиция подполковнигі» арнайы атағын да қайтарып алды.

Сот құжатында үкім заңды күшіне енбегені атап көрсетілген.