Роза Рымбаева: Біздегі талғам — фонограммамен аузымды жыбырлатсам, мен жұлдыз боламын

0
355
Сурет: Instagram_rozarymbaeva

Өнермен өрбіген өмірінің 40 жылдан астам уақытын сахнаға арнаған, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаевамен ORDA. тілшісі сұхбаттасты.

 Розаны Роза еткен кім?

— Әнші қылып туған, барын берген, мені өнерге баулыған – ең бірінші менің ата-анам! Екінші менің марқұм жолдасым, ол – кәсіби сахнада маған ұстаз, қолбасшы, дирижер болып, менің өнерімді дұрыс жолға бағыттады. Ең үлкен жеңістерімнің барлығы маған Тасқын Оқаповтың қолдауымен келген. Ең құрметті атақтарымның барлығы да Тасқынның ұстаздығымен жеткен жетістіктерім.

— Роза Қуанышқызы, егер өміріңіз кино болса, оның жанры қандай болар еді?

— Мелодрама. Себебі, халықтың алдында өмір бойы жұлдыз болып келе жатқаныммен де менің өнерден басқа да өмірім бар. Оның ішінде жоғалтқан, айрылған адамдарым, көптеген жіберген қателіктерім мен қиыншылықтарым бар. Ал енді көрермен сахнадан тек қана жарқырап тұрған Роза Рымбаеваны көреді.

— Сахнаның артында қаншама еңбек барын халықтың бәрі түсіне бермейді. Бала Розаны өнерге не талпындырды?

— Ол ең бірінші менің бала кездегі ұмтылысым, ізденісім, талпынысымның арқасы. Семей қаласында оқып жүргенімде бүкіл конкурстарға қатысып, музыка мектебіне барып, өмір бойы ізденісте болғанмын. Одан кейін кәсіби білім алып, 4 халықаралық, 2 бүкілодақтық, 1 республикалық конкурстардың лауреаты атандым. Жалпы конкурстарда көп шыңдалдым. Себебі, ол маған үлкен мектеп болды.

Роза Рымбаева: «Мен Қазақстанды бар кемшілігімен қабылдаймын!»

— Өтірікті 100 рет қайталасаң – ол шындыққа айналады дейді, ал қазіргі әншілер 10 рет сахнаға шығып, фонограммамен ән айтса әнші атанады дейді. Сіздің сахнада жанды дауыста ғана ән айтатыныңыздан хабардармыз. Сол фонограммада ән айтатын кейбір әншілерге айтарыңыз бар ма?

— Адам сахнаға шықпас бұрын ең алдымен кәсіби маман болып қалыптасып, жоғары дәрежеде өнер көрсетуі керек. Ал біздегі талғам – «Тойдың әншісі болсам, фонограммамен аузымды жыбырлатсам, мен жұлдыз боламын» дейді. Ал енді фонограмманы тоқтататын заң шықса әрине ол әншілердің бәрі сахнадан кетіп, нағыз әншілер ғана қалар еді. Бірақ ол қашан болатынын білмеймін.

— Сіз үшін Тәңірдің берген тәтті сыйы?

— Менің екі ұлым – Әли мен Мәди. Менің ең үлкен бақытым, ең басты жетістігім де сол екі ұлға ана болғаным.

Роза Рымбаева: «Мен Қазақстанды бар кемшілігімен қабылдаймын!»

— Досыңыз көп пе, танысыңыз ба?

— Ең жақын дос көп болмайды. Аралас, құрдас, әріптестер, сахнаның артында жүрген менің бауырларым бұлардың барлығы – әріптес достар. Ал енді өмірде сырласатын достарым, сырымды айтып, жылап алатын достарым аз.

— Кімнен қорқу керек, яки неден?

— Мұсылман болғаннан кейін ең алдымен Алладан қорқу керек. Одан қрықпайтынның бәрі адам аттап жүре береді ғой.

— Қолыңызда билік болса Қазақстанда нені өзгертер едіңіз?

— Басшылыққа сын айту оңай, бірақ осындай мемлекетті көтеру, елдің экономикасын дұрыс жолға қою үшін адам жалғыз болмау керек. Оның әріптестері бір команда дейді ғой, сол командасы нағыз команда болып, шын жүректен мемлекетті көтеремін деген, әріптестер болуы керек. Жалғыздың үні шықпайды дейді. Қолдау болмаса сенің қолыңнан ештеңе келмейді. Сондықтан біздің үкіметтегі, біздің президенттің айналасында нағыз патриоттар болуы керек. Сонда, жақсы өмірге көтерілеміз деп ойлаймын.

— Ойыңызда көптен бері істегіңіз келіп жүрген бірақ, әлі қолға алмаған жоспарыңыз бар ма? Және оған не кедергі?

— Өкінетінім сол – баланы көбірек табуым керек еді. Бірақ, менің денсаулығыма байланысты маған Құдай екі бала берді. Ал болашақта істеймін деген жұмысым көп әлі. Екі ұлым үлкен азамат болып, өз нанын өздері тауып, өз бала шағаларын өздері асырап жүргендерін көргім келеді. Ол да бір үлкен арман.

Келешекте осы елімнің жарқын болатынына сенемін. Оған бәріміз сенуіміз керек. Ешкім сенбесе мемлекетте ешкімнің тұрғысы да келмей қалады. Көбі көшіп жатыр ғой, басқа жерден бақыт іздеп, ол жақта керемет екен деп. Бірақ қазақта мақал бар, «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» дейді. Мен осы елімді барлық кемшілігімен, қалай бар солай қабылдаймын. Өз елімде өмір сүремін, еліммен бірге қиыншылықты да көремін, үлкен-үлкен жетістіктерге бірге жетемін деп ойлаймын. Қазақстаннан басқа менің баратын, тұратын жерім жоқ. Бұл менің елім, жерім, менің тілім, менің қаным тамған жер. Мен тек қазақ жерінде бақытты бола аламын. Басқа мемлекетке көшу деген менің ойымда жоқ, ойыма келмейді де. Әрине күйінетін, өкінетін, әттең-ай дейтін дүниелер көп бізде. Оны енді жалғыз қарапайым халық емес, оны басшылықтар жөндеу үшін еңбек ету керек деп ойлаймын.

— Тасқын мырзамен өмірлеріңіздің 23 жылын бірге өткізген екенсіздер. Сол жылдардағы Сіз үшін ең керемет естеліктерді еске түсірсеңіз?

— Әрине ол екі баламның дүниеге келгені. Оған дейін өзіміз өнер адамы, жұлдыз болып еркелеп жүрдік. Ал дүниеге бала келіп, ана болғаннан кейін өмірге деген көзқарасым 100 пайыз өзгерді. Жалпы айтқанда, балалы болсаң өмірің, мәдениетің, махаббатың, принципің, барлығы балаға көшеді екен. Маған ана бақытын сезіндірткен Тасқынға алғысымды айтамын! Онымен өткізген әр сәт менің жадымда. Ол тек менің өнердегі дирижерім емес, өмірдегі жарасым тапқан серігім!

Роза Рымбаева: «Мен Қазақстанды бар кемшілігімен қабылдаймын!»

— Күлгін көзілдірікті шешіп қарасақ әлем ақ-қарадан тұрады. Сіздің өміріңізде қай жолақтың түсі басым болды? Ағы ма, қарасы ма?

— Ақ түсі шығар. Бірақ, жолдасымның өмірден өткеніне мен әлі күнге дейін қайғырамын, жылаймын. Қанша үлкен керемет қуанышқа жетістікке жетіп жатсақ та, жолдасым жетпей тұрады. Сондықтан менің өмірім бірде – ақ, бірде – қара. Қазір сіздермен күліп ойнап отырғаныммен де, кешке үйге келіп кейде жылап алатын кездерім болады.

— Қазір қазақ жігіттерінің бәрінің болмаса да басым көпшілігінің ойында мынадай түсінік қалыптасқан екен. Яғни, қыз бала – тек үй шаруасында болуы керек десе, енді бірі 25-ке келіп қалса да әлі тұрмыс құрмаған қыздарды тек сексуалды нысан тұрғысынан қарайды екен. Осы стереотиптің қалыптасуына не себеп деп ойлайсыз?

— Ол енді отбасының тәрбиесіне байланысты. Ақиқатында, әр отбасының тәрбиесі әртүрлі, мен біреуді кінәлап, даттай алмаймын. Тек өзіме ғана жауап бере аламын, және менің балаларым ондай емес. Әли мен Мәди өзімнің тәрбиеммен өскен. Өзіне жар іздеді, махаббатпен қосылды. Басқа ештеңе айта алмаймын.

— Қазақ қызы Сіз үшін қандай болуы керек. Қазіргі қыздар сол Сіздің айтқаныңызға сай келе ме?

— Ол да тәрбиеге келіп тіреледі. Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің. Мен енді нашар қыздарды көрдім деп айта алмаймын. Менің айналамда, өнерде жүрген сіңлілерім – нағыз қазақтың қыздары. Қазақша ән айтады, қазақтың мәдениетін сахнаға алып шығады, мен оның қайсысын нашар деп айтамын. Барлығы өзінің мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Бала шағасын асырап, қолынан келгенше жақсылығын жасап жүр. Менің айналамдағы қыздар сондай. Мен басқа қыз көргенім жоқ.

— Мерекеге тілегіңіз болса?

— 8 Наурыз – біздің елде аналардың мерекесі болып тойланады. Аналарға қызмет көрсетіп, оны еркелетіп, құрметтеп, дұрыс тәлім-тәрбие беру – қазақ халқының міндеті. Аналарымыздың алдында бас иеміз. Аналарымыз барда – біз әрқашан баламыз. Біздің тек жақсылығымызды көре берсін. Аналарға керегі – сенің беріп жатқан гүлің сыйлығың емес, баласының жақсылығын көру.