«Риддер-Астана» пойызы ауа райына байланысты 4 сағатқа кешігіп жатыр
2018 жылғы 25 желтоқсан 12:08 137
АСТАНА. ҚазАқпарат — Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Риддер-Астана-НЖ» бағытындағы №375 жолаушылар пойызы уақытынан кешіктірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «ҚТЖ» ҰК» АҚ және қызмет көрсетуші «PatentesTalgo» сервистік компаниясының құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып, ақауды жою және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.
Аталмыш пойызда жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, пойызда жолаушыларға тегін тамақ беріліп, температуралық режім қалыпқа келтірілген.
Қазіргі уақытта «Астана-Нұрлы жол» стансасына келудің болжалды кідірісі — 4 сағат деп есептеліп отыр. Дегенмен, кестеден ауытқу уақытын азайту үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Пойыздың кешіккені туралы ақпарат вокзалдардың дауыс ұлғайтқыштары мен анықтама бөлімшелері арқылы таратылып жатыр.
Тасымалдау ережелері шеңберінде жолаушылар кешіктірілген әр сағат үшін билет бағасының 3 пайызы мөлшерінде өтемақы ала алады. Болмаса жолаушыларға пойызбен жол жүруден бас тартып, билет бағасының 100 пайызын қайтару мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін тағайындалған стансаға келгеннен кейін кезекшіден пойыздың кешіккені туралы хабарламаны ала отырып, осы қағазбен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның төлем кассасына баруға болады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz