Ресейліктердің көпшілігі ЛГБТ өкілдеріне қырын қарайды
Ресейліктердің жартысынан көбі (56 пайызы) ЛГБТ өкілдеріне көзқарасы теріс екенін айтқан. Үш пайызы оларды құптаса, 39 пайызы жыныстық азшылықтарға қатысты «нақты позициясы жоғын не бейтарап» екендерін айтқан. Бұл туралы «Левада-центр» жүргізген сауалнамадан белгілі болды.
Жауап бергендердің үштен бірі «әлдебір танысым ЛГБТ өкілі болып шықса, онымен арақатынасымды тоқтатар едім» деген. Сауалнамаға қатысқандардың 45 пайызы танысының дәстүрлі емес ориентацияда екені мәлім болса, оған қатынасы өзгермейтінін айтқан. Әлеуметтанушылар сауалнамасына қарағанда, жыныстық азшылық өкілдеріне төзімділік танытқандардың басым бөлігі — ірі қалаларда тұратын, жоғарғы білімді, табысы жоғары 25 жасқа дейінгі азаматтар.
ЛГБТ өкілдеріне тең құқық беруді ресейліктердің 47 пайызы қолдаған. «Бұл — соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш» дейді әлеуметтанушылар. Оған қарсы болғандардың да мөлшері осындай, 43 пайыз. Сондай-ақ жауап бергендердің 45 пайызы Ресейде ЛГБТ өкілдерінің әлдебір қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпараттан хабардар болмай шыққан.
2017 жылы «Новая газета» басылымы Шешенстандағы гейлердің өлтіріліп, іс-түссіз жоғалып кетуін әшкерелеген мақалалар жариялаған. Республика басшысы Рамзан Қадыров айыптауларды жоққа шығарып, Шешенстанда гомосексуалдардың жоғын айтқан. БҰҰ, Еуропа одағы, АҚШ пен басқа да батыс елдерінде жұмыс істейтін құқық қорғау ұйымдары бұл істі мұқият тергеуге шақырған. Ресей әділет министрлігі тергеуден соң Шешенстанда «гейлердің жоқтығын, адам құқықтары бұзылмайтынын» анықтаған. Азапталғанын айтқан ЛГБТ өкілдерінің сөзінен соң да тергеу комитеті қылмыстық іс қозғамады.
2013 жылы Ресейде жасөспірімдер арасында гомосексуализмді насихаттауға тыйым салатын заң күшіне енген. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандарға 100 мың рубль (1500 доллардан асады) көлемінде айыппұл салынады.
ILGA-Europe халықаралық ұйымның дерегіне қарағанда, жыныстық азшылық өкілдеріне қырын қарау көрсеткіші бойынша Ресей Еуропа мен Орталық Азиядағы 49 елдің ішінде 46 орында тұр.