Ресейлік журналистің террористер тізіміне енгені хабарланды
«Терроризмді ақтап сөйледі» деген айып тағылған Ресейдің Псков қаласындағы журналист Светлана Прокопьева Қаржы мониторингі федералды қызметінің экстеремистер мен террористер тізіміне енген. Бұл туралы Прокопьева 4 шілдеде өзінің Facebook парақшасындағы хабарлады.
Журналисттің сөзінше, оның шоттары бұғатталып, ақшасыз қалған. Шоттарының бұғатталуын ол іске жаңа тергеуші тағайындалғанымен байланыстырады. Оның пайымдауынша, жақын арада өзіне ресми айып тағылуы да мүмкін. Бұған дейін Прокопьеванің ісіне қатысты тергеуді 5 қыркүйекке дейін созғаны хабарланған.
2014 жылдан бері Азаттықтың Орыс қызметінің (Радио Свобода) Псков қаласындағы штаттан тыс тілшісі болып істейтін Светлана Прокопьеваның үстінен қылмыстық іс 2018 жылы қарашада қозғалған. Журналист «Эхо Москвы в Пскове» радиосы эфирі кезінде Архангельскіде Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимараты маңында болған терактінің себептері туралы пікірін білдірген. Ол ФСБ аймақтық басқармасына шабуыл жасап қаза тапқан 17 жастағы жас азаматтың мұндай іске баруына саяси режимнің қысастық көрсеткен іс-әрекеттері және ресейлік жастар арасында кең тараған «күдер үзу» сезімі себеп болуы мүмкін деп топшылаған. Кейін бұл пікірін «терроризмді ақтап сөйледі» деп бағаланып, іс қозғалған.