Ресейлік әйел 14 жыл бойы Қазақстаннан зейнетақы алып келген
Ресей тұрғыны Қазақстаннан 14 жыл бойы заңсыз зейнетақы төлемдерін алып келген. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының сайтында жазылды.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің жергілікті бөлімінің алынған зейнетақыны өндіру туралы талап арызы бойынша іс Ұзынкөл аудандық сотында 23 шілдеде қаралды.
Сотталушы Ресей азаматының төлқұжатын алған, бірақ құзырлы органдарға Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішпен жүгінбеген.
«Азамат В. 1998 жылдан бері Ресейде қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысын алушы, содан кейін 2006 жылы ол Қазақстандағы Мемлекеттік зейнетақыларды төлеу орталығына өзінің жасына байланысты зейнетақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінді, Ресей Федерациясының азаматтығын алу фактісін жасырып, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ұсынған.
Сотталушы В.-ның Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында бір мезгілде зейнетақы алу фактісін анықтауға байланысты, департаменттің 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімі бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылды», — делінген сот хабарламасында.
2021 жылдың 1 шілдесінде көші-қон қызметі әйелді Қазақстанның төлқұжаты мен жеке куәлігін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.