Ресейдің 11 қаласында қудалауға қарсы акциялар өтіп жатыр

0

Мәскеу және Ресейдің тағы он қаласында «Медуза» тілшісі Иван Голуновты қолдау акциялары өтіп жатыр. Шараға қатысқандар журналистерді қудалаудан бөлек, қылмыстық істерді қолдан ұйымдастыру, құқық қорғау жүйесін ізгілендіру мәселесін де көтерген.

Мәскеудегі Сахаров даңғылында өткен митингті тіркелмеген Либертариан партиясы және Журналистер кәсіподағы ұйымдастырған. Акцияға қатысушылар жемқорлық бойынша зерттеу мақалаларын жазып, істі болған журналист Иван Голунов, қамауда отырған дағыстандық журналист Әбділмүмін Гажиев, Азат Мифтазов және өзге де саяси тұтқындардың ісіне көптің назарын аудартуға тырысқан.

Владивосток және Хабаровскідегі наразылық акцияларына ондаған адам қатысқан. Санкт-Петербургте жергілікті билік акция өткізуге рұқсат бермеген.

Ресейлік зерттеуші журналист, «Медуза» интернет басылымының тілшісі Иван Голунов 2019 жылы 6 маусымда Мәскеу орталығында «есірткі таратты» деген күдікпен ұсталған. Бірақ 11 маусымда Ресей ішкі істер министрлігі Голуновқа қатысты істі тоқтатып, журналист кешке үйқамақтан босап шыққан. Министрліктің хабарлауынша, Голуновты ұстаған полицейлер қызметтен босатылған.

Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, есірткі сөмкесіне қасақана салынған деп санайды. Голуновтың әріптестері айыптауларды оның кәсіби қызметімен байланыстырған.

Azattyq