Ресейден оралған Атамбаев Қазақстанмен болған дауды сөз етті

0

Бүгін, 25 шілдеде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Қырғызстанға оралды. Кант әуебазасынан шығып бара жатқан ол «Ресей президенті Владимир Путин бірнеше рет шақырған соң, сапарлап барудан бас тарта алмағанын» айтты.

«Мәскеуге барғаным үшін сынап жатқандар бар. Ол – Ресей президенті ғана емес, менің досым, жақыным. Маған ұшақ жіберді. Шақырды. Ұшып келуімді бір емес, бірнеше рет сұрады. Бармаймын десем дұрыс болмас еді. Қырғызстанды алаңдап отыр, мәлімдемесін өздеріңіз де естідіңіздер. «Шынымен үшінші рет революция болмақ па?» деп абыржып отыр. «Революцияны әрдайым биліктің өзі жасайды. Халық шарасыздықтан көтеріледі. […] Кімнің шақырғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Сапар шығынын да солардан сұраған дұрыс. Біздің қалтамыздан тиын да шықпады» деді Атамбаев.

Бұрынғы президенттің сөзінше, Қырғызстан президенттігіне кандидат болған Омурбек Бабановтың 2017 жылы Қазақстанға сапарлап баруы мен өзінің Мәскеуде Путинмен кездесуін салыстыруға болмайды.

«Біріншіден, мен президент сайлауына түсіп жатқан жоқпын. Сайлау науқаны жүріп жатқан жоқ. Омурбек Токтогулулы көрші елге барып, [Нұрсұлтан Назарбаевтың] разылығын алып келді. Сұрағаны разылық қана емес шығар. [Қазақстанның] жасағаны да дұрыс емес деп ойлаймын. Бөтен елдің сайлауына араласпау керек» деді Атамбаев.

Ішкі істер министрлігінің тергеуде түсінік беру туралы шақыртуын бұған дейін үш рет елемеген Атамбаев «тергеуге мүлде бармаймын» деді. Журналистер сұрағына жауап берген соң Атамбаевты жақтастары қоршап, бұрынғы президент Кой-Таштағы ауылына жүріп кетті.

Атамбаев Мәскеуге 24 шілдеде ұшып кеткен. Оның сөзінше, Путин мен Атамбаев Қырғызстандағы саяси тұрақтылықтың маңызы жайлы, тыныштық орнауы үшін қос тараптың да күш салу керектігі жайлы сөйлескен. Путиннің өзі Атамбаевпен «Қырғызстан мен аумақтағы ахуал туралы әңгімелескенін» айтқан. Ол қырғызстандықтарды «қазіргі президенттің айналасына шоғырланып, оған мемлекетті дамыту жолында көмектесуге шақырған».

Атамбаев 2017 жылы Қырғызстандағы президент сайлауы науқаны барысында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен үміткер саясаткерлердің бірі Омурбек Бабановты қабылдағанына наразы болған. Ол «Назарбаев Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті» деп айыптаған еді. Екі ел басшылары арасындағы «салқын қарым-қатынас» шекарадағы жағдайға да әсер етіп, Қазақстан жағы шекарадағы тексеруді күшейткен. Тек жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана кедендегі жағдай қалпына түскен.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Azattyq