Ресей үкіметінің жаңа басшысы Қазақстанға келуі мүмкін
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Әзербайжан, Өзбекстан, Молдованың үкімет басшылары цифрлық форумға қатысады
НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар — Sputnik. Ресейдің жаңа премьері 31 қаңтар күні өтетін «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» халықаралық форумына келуі мүмкін.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі 31 қаңтар күні Алматыға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Әзербайжан, Өзбекстан, Молдованың үкімет басшылары келетінін айтты.
Сондай-ақ, форумда ақпараттық технологиялар саласындағы саяси көшбасшылар, халықаралық сарапшылар бас қосады. Басты тақырып – big data және жасанды интеллект негізінде өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
«Форум аясында Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей премьерлерінің қатысуымен ауқымды пленарлық отырыс өтеді. Сарапшылар жасанды интеллект, тиісті инфрақұрылым жасау, технологияларды дамыту мәселесін талқылайды», — деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше, 15 қаңтар күні Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев республика президенті Владимир Путиннің федералдық жиналысқа жасаған жолдауынан кейін үкіметтің толық құрамда отставкаға кететінін мәлімдеген болатын.
Тағы оқыңыз: Шешенстан басшысының қызметін уақытша кім атқаратыны белгілі болды
Ресей президенті Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметі енгізілетінін айтты. Ол жаңа қызметті Дмитрий Медведевке ұсынды. Бұдан соң Путин Ресейдің федералды салық қызметінің басшысы Михаил Мишустиннің кандидатурасын премьер-министр қызметіне ұсынды.
sputniknews.kz