Ақтөбеде жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеу процесін жеңілдетуді талап етті

0

16 қаңтарда Ақтөбеде «Керуен сити» сауда орталығының көлік тұрағына жүзден астам жүргізуші жиналып, шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеуді жеңілдетуді талап етті. Олардың айтуынша, жаңа өзгерістерге сәйкес, шетелден әкелген көлікті кеденнен өткізу үшін бірнеше миллион теңге төлеу қажет, бұл өте қымбат дейді наразы жүргізушілер.

— ІІМ-нің айтып отырған басты аргументі — Қазақстан камералары жол ережесін бұзған шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркемейді, қылмыс жасағандарды таба алмай жатырмыз дейді. Бұл мәселені шешу оңай ғой. Уақытша жеңілдікпен тіркесін. Салық төлеуге дайынбыз. Неге бірден «балтамен шауып тастау керек»? Қазақстанда осындай 200 мың көлік бар дейді. Яғни, 200 мың отбасы зардап шегейін деп отыр. Мұны неге ойламайды? Біресе заңды, біресе заңсыз дейді? Бұл не ойын? — дейді Мақсат Балғазин есімді жүргізуші.

Кейбір жүргізушілер «үкімет кедендік одақ мүшелерімен мүддеміз бір, экономикалық жағынан пайдасы болады деп айтқан соң биліктің сөзіне сеніп алып келдік, ендігісі жасап отырғандары мынау» деп ашуланды.

— Үкіметке төлейтін ақшаны азайтса, біз бәріміз көліктерімізді Қазақстанда тіркейміз. Бірақ сол нәрсені халықтың жағдайына қарап үйлестірсе екен дейміз. Двигателінің көлемі 2,4 құрайтын көлікке 2,6 миллион теңге төлейді деген не сұмдық? — дейді жүргізушілердің бірі.

Оқиға орнына сәлден кейін Ақтөбе қалалық процессинг орталығының басшысы Ерлан Алтынбеков келді. Ол жүргізушілерге «заңда белгіленген тәртіп бойынша шағымдарын жазып, ресми түрде жолдауды» сұрады.

Ол түстен кейін ішкі істер министрлігі ресми түрде хабарлама таратып, мән-жайды түсіндіреді деді. Ол шетелдік нөмірі бар көліктерге қатысты ереже өзінің туыстарына да әсер етіп жатқанын айтты.

— Мен де осы қалада тұрамын. Туған-туыстарым да армян, ресейлік көліктерімен жүр. Жалғыз сіздер емес, бізге де оның қатысы бар. Шешім қалай қабылдайды, солай болады. Қазір сіздерге ештеңе айта алмаймын,- деді Ерлан Алтынбаев.

Ақтөбе қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев те ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап, жүргізушілердің шағымына байланысты нақты жауап берген жоқ. Дегенмен ол Ақтөбе облысында былтыр шетелдік нөмірі бар көліктер қатысқан 95 жол апаты тіркелгенін, 14 адамның қаза тауып, 145 адамның зардап шеккенін айтты.

— Қазіргі кезде республика бойынша 170 мың осындай көлік бар. Ақтөбе облысы бойынша 16 245 көлік бар. Олардың 500-і — Арменияда, 36 — Қырғызстан, 15 820 — Ресейде тіркелген, — дейді Қанат Әлиев.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq