Ресей соты оппозиционер Навальныйды 30 күнге қамады
18 қаңтарда Ресей соты Федеральды қызметтің сұрауы бойынша оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды 30 күнге қамауға алды. Бұл туралы оның адвокаты Вадим Кобзев хабарлады.
Навальный 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған еді. Полиция оны Мәскеудегі Шереметьево әуежайынан алып кеткен.
Сот Навальный жеткізілген Химкидегі ішкі істер органының ғимаратында өтті. Сот жайлы Навальный мен адвокатына алдын ала хабарланбаған. Адвокаттарын сотқа ғана жіберді.
Ішкі істер министрлігінің Мәскеу облысы бойынша басқармасы соттың ішкі істер органы ғимаратында өтуін Навальныйдың коронавирус тестінің нәтижесі жоқтығымен байланыстырды. Қазіргі ереже бойынша, Ресейге шетелден келгендер 72 сағаттан тест тапсыруы тиіс.
Сот өткен орган ғимараты алдына Навальныйдың жүздеген жақтасы жиналды. Сот ашық өтсе де, журналистерді кіргізбеді. Залға тек Life пен «Россия» арнасының түсіру тобы кірді.
Навальный бұл әрекетті «бассыздық» деп мәлімдеді.
- Навальный кеше, 17 қаңтарда Германиядан Мәскеуге ұшып келген. Ол тамыздан бері Берлинде емделген. Ресей билігі 29 желтоқсанда Навальныйге полицияға келіп белгіленбеді деп іздеу жариялаған. Навальныйдың шартты жаза бойынша сынақ мерзімі 30 желтоқсанда біткен. Оппозиционер бұрын Ресейде бірнеше рет шартты жазаға кесілген.
- Батыс басшылары мен құқық қорғаушылар Навальныйдың ұсталуын сынады. «Мемориал» құқық қорғау орталығы мен Amnesty International оны «саяси тұтқын» деп таныған. Навальныйдың өзі қудалануының саяси астары бар дейді.
- Навальный 20 тамызда уланып, комаға түскен. Ол Германияға жеткізіліп, сол жақта емделген. Навальный ұсталатынын біле тұра Мәскеуге оралды. Навальный улануына Ресей билігінің қатысы бар деп санайды.
- 17 қаңтарда Навальный мінген ұшақ Мәскеудегі Внуково әуежайына қонуы тиіс еді. Бірақ ұшақ Шереметьево әуежайына қонды. Сол жерде полиция оны ұстап әкетті.