Ресей ядролық қаруды қандай жағдайда қолданатынын мәлімдеді
Бұл туралы Дмитрий Песков CNN телеарнасына мәлімдеді.
– Ресейдің ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы ядролық қаруды оның өмір сүруіне қауіп төнген жағдайда ғана қолдануды қарастырады, – деді Песков.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Брюссельде өтетін НАТО саммитінде альянсқа мүше елдер Ресей химиялық, биологиялық, кибер немесе ядролық қару қолданатын болса, олар қалай әрекет ететінін талқылайды.
АҚШ президенті Джо Байден Путин Украинада «арқасын қабырғаға тіреп» тұрған кезде химиялық қару қолдануға баруы мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин Донбас республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдап, Украинаға қарсы соғыс жариялады. Алайда Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтқан болатын.
2 наурыз күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресей әскері 5840 адамынан айрылды. Сондай-ақ, 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 862 бронетранспортер, 85 артиллериялық жүйе және басқа да көптеген техника жойылды. 28 ақпандағы жағдай бойынша 352 бейбіт тұрғын, оның ішінде 16 бала қаза тауып, 2040 адам жарақат алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің шабуылдың алғашқы сағаттарынан бастап азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқанын айтты. Президенттің айтуынша, Ресей басқыншы әскерлерінің Украинадағы әрекеттерінде геноцид белгілері бар.
27 ақпанда Украина «басқыншылықты ақтау мақсатында геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін Ресейді жауапқа тартуды» талап етіп, Халықаралық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты тергеуді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Ханның өзі бастады.
(фото Уикипедиядан алынды)